26 сәу, 2022 сағат 16:58

Amanat партиясының төрағасы сайланды


Ерлан Қошанов Amanat партиясының төрағасы болып сайланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Президент Amanat партиясының кезектен тыс съезінде барлық саланы монополиясыздандыру аса маңызды жұмыс екенін айтты. Ол осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек деп ойлайды. Тоқаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн.

"Яғни, саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл - менің айқын ұстанымым. Мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күшке тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдік орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. Amanat – еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан істерін жалғастыра береді", - деді Президент Amanat партиясының кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы осы орайда партия төрағасы лауазымына Ерлан Қошановты ұсынатынын айтты.

"Мен партия төрағасы лауазымына Ерлан Қошановты ұсынамын. Оны баршаңыз жақсы білесіздер. Ерлан Жақанұлының ұйымдастыру қабілеті жоғары, тәжірибелі әрі білікті азамат", - деді Президент.

Съезд қатысушылары бұл кандидатураны бірауыздан қолдап дауыс берді. Осылайша енді Amanat партиясын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов басқарады.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, делегаттар, осынау тарихи кезеңде партия тізгінін маған сеніп тапсырғаныңыз үшін зор алғысымды айтамын. Бұл - мен үшін үлкен сын және аманат. Ел сенімін абыроймен атқарайық", - деді Қошанов.