29 сәу, 2021 сағат 13:52

Қарин жерге қатысты заң жобасына пікір білдірді


Қазақстан азаматтығынан шыққан тұлғалар меншігінде ауыл шаруашылығы жерін 3 айда мемлекетке қайтаруы тиіс. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бүгін Сенат дептутаттары жер туралы президенттік заңды қарады. Бұған дейін Сенат қабырғасында аталған заң жобасы бойынша жұмыс топтарының 2 отырысы, Аграралық мәселер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитеттің 1 кеңейтілген отырысы, сонымен қатар Сенат бюросының отырысы өтті. Жалпы, Сенат депутаттары құжатты қолдады. Бұл ретте талқылау барысында сенаторлар қарастырылып отырған заң жобасына кейбір өзгертулер енгізу ұсынды. Осыған орай Сенат заң жобасын енгізілген түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады», - деп жазды Президент көмекшісі Telegram каналында. 

Оның атап өтуінше, жер туралы президенттік заң жобасының тыңғылықты әрі белсенді талқыға түсуі барлық тараптың жоғары мүдделік танытып отырғандығын, қоғамды бұл мәселе айрықша толғандыратын білдіреді. 

«Бірнеше рет аталып өтілгендей, жер туралы президенттік заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және шетелдік капитал қатысатын компанияларға сатуға және жалға беруге шектеу енгізуді көздейді. Сонымен қатар шетелдік тұлғалардың ауыл шаруашылығы жерлеріне иелік етуінің қандай да бір мүмкіншілігін жоятын өзге де нормалар қарастырылған. Мәселен, Қазақстан Республикасында тіруелген компанияның қатысушылары құрамына шетелдік немесе азаматтығы жоқ тұлға, шетелдік заңды тұлға кірген жағдайда ауыл шаруашылығы жеріне жекеменшік құқығы, сондай-ақ жалға алу құқығы қайтарып алынады. Дәл осындай ереже Қазақстан Республикасы азаматтығы тоқтатылған тұлғаларға да қолданылады. Мұндай жағдайда ауыл шаруашылығы жер учаскесі азаматтық тоқтатылған сәттен бастап үш айдың ішінде мемлекетке қайтарылуы тиіс», - деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізіліп, Мәжіліске қайтарылды.