Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы 6 қыркүйекте өтеді. Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі, Ұлттық кеңес хатшысы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы шамамен 6 қыркүйекте өтеді. Қазіргі уақытта алғашқы кеңейтілген отырысқа қызу дайындық жүргізіліп жатыр», - деді «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысынан кейін Ерлан Қарин.
Оның айтуына қарағанда, осы жылдың шілде мен тамыз айларында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында Ұлттық кеңеске мүшелікке енген азаматтармен кездесу өткізілген. Сондай-ақ, талқылау барысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысының алдында ұйымдастырушылық жиынды өткізу келісілген.
«Ішкі сұрақтарды - Ұлттық кеңес жұмысының жалпы регламентін, жұмыс топтарын құру мәселелері мен құрамын талқылау үшін алдын ала жиын өтеді. Ұйымдастырушылық жиын 28 тамызға жоспарланған», - деп түсіндірді Ерлан Қарин.