Фото: ortcom.kz
Біздің қоғамда жеті атасын білу – қалыптасқан дәстүр. Жиын-отырыста шежіре тарқатып, туыстық байланысты іздеу де қазақы болмыстың бір бөлігіне айналған. Алайда халықтың тарихи сауаттылығы қандай? Тарихи оқиғаларға баға беруде біз қаншалықты салқынқанды әрі сауатты бола аламыз? Осы сауалдарды Ult.kz тілшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбілге қойған еді. Оның айтуынша, қоғамдағы тарихқа қызығушылық – қалыптасып жатқан саяси ұлттың табиғи құбылысы.
Депутаттың сөзінше, әр азаматтың кәсіби тарихшы болуы міндет емес. Өйткені қоғам үшін тарих – ғылыми категориядан бұрын ұлттық сананың бір бөлігі.
«Әрбір қатардағы азамат кәсіби тарихшы бола алмайды. Біздің қоғам үшін тарих ғылым емес. Қоғам үшін тарих – тарихи сана, ұлттық сананың бір бөлігі. Сондықтан мен жұртты кінәламаймын. Біз қалыптасып жатқан саяси ұлтпыз. Ұлттық сананың негізі – тарихи сана. Біз қайдан шықтық, кімбіз – соны білуіміз керек», – деді Еркін Әбіл.
Ол қазақ қоғамындағы жеті ата ұғымының тарихи мағынасына да тоқталды. Айтуынша, бұрын жеті ата тек туыстық байланыс емес, әлеуметтік құрылымның маңызды элементі болған.
«Кезінде жеті ата тек тегімен байланысты болған жоқ. Оның қажеттілігі – әлеуметтік структураны түсіну еді. Сен кімсің, қоғамда қандай орын аласың, әлеуметтік мәртебең қандай – соны анықтайтын жүйе болды. Бір елге барғанда төрге отырасың ба, босағаға отырасың ба – осының бәрі сонымен байланысты еді», – деді тарихшы.
Оның айтуынша, қазақ қоғамындағы ру тек этникалық емес, шаруашылық, саяси және әскери бірлік ретінде қызмет атқарған.
«Бұрын ру шаруашылық, саяси, әскери бірлік болды. Сондықтан әр азамат өз руын білуі керек еді. Бір жерге барғанда қай жүзге, қай руға жататыныңды айтасың. Адамдар сенің әлеуметтік орныңды соған қарап түсінетін», – деді ол.
Алайда бүгінде бұл жүйенің әлеуметтік мағынасы жойылғанын айтқан депутат, рулық сана тек тарихи-мәдени реликт ретінде сақталып қалғанын жеткізді.
«Қазір оның ешқандай әлеуметтік мағынасы жоқ. Бұл біздің қоғамдық санамызда реликт ретінде ғана қалды. Сондықтан біз туыс іздейміз, кім кімге нағашы, жиен, құда екенін сұраймыз. Мыңдаған жылдар бойы болған жүйе бір ғасырда жоғалып кетпейді», – деді Еркін Әбіл.
Сонымен қатар ол қазақ руларының шығу тегіне қатысты қоғамда жиі айтылатын түсініктердің бәрі бірдей ғылыми тұрғыда дәл емес екенін атап өтті.
«Бізде рулардың көбі расында да бір тектен тараған. Бірақ кірме топтар да болған, әртүрлі тарихи бірлестіктер қалыптасқан. Сондықтан “барлық арғындар бір атадан”, немесе “наймандар бөлек халық” деген түсінік дұрыс емес. Қазақ – тұтас халық. Мұны генетиктер де айтып отыр. Тіпті әр түрлі жүзге жататын топтарда бір атасы болған», – деді депутат.
Тарихшының сөзінше, қазіргі қоғамда жеті ата мен рулық жүйе күнделікті өмірге ықпал ететін нақты механизм емес, көбіне тарихи жадының бір элементі ретінде ғана өмір сүріп отыр.
«Бұрынғы әлеуметтік және саяси жүйе жоқ. Әскерді рулық принциппен жинамаймыз. Сондықтан бұл – біздің санамызда қалған дүние», – деді ол.
Еркін Әбіл қазақ тарихын зерттеуде жиі кездесетін олқылықтардың бірі – ру атаулары мен этникалық ұғымдарды тікелей байланыстыру екенін айтты.
«Кей адамдар керей, найман сөздерінің шығу тегін іздейді. Бірақ сөздің тарихы қазіргі этникалық топпен тікелей сәйкес келе бермейді. Атауы ертерек пайда болуы мүмкін немесе кейін қалыптасуы мүмкін. Қазіргі керей мен көне керейлерді толықтай бір құрылым деу дұрыс емес», – деді ол.
Сондай-ақ депутат «қазақ» атауының тарихи эволюциясына тоқталып, оның мағынасы ғасырлар бойы өзгеріп отырғанын жеткізді.
«Қазақ деген сөз алғашында әлеуметтік, кейін саяси термин болды. Тек XVII ғасырда ғана этникалық атауға айналды. Бірақ мұны айтсаң, кей адамдар “қазақ тек XVII ғасырда пайда болды” деп түсінуі мүмкін. Бұл дұрыс емес. Ғылымның өзінің әдістері бар», – деді тарих ғылымдарының докторы.
Ол тарихи сана мен ғылыми тарихты шатастырмау керектігін айтты.
«Тарихи сана көбіне мифтер мен символдарға сүйенеді. Миф деген өтірік емес, ол – символдық ойлау. Біз тарихты көбіне солай қабылдаймыз», – деді Еркін Әбіл.
Депутаттың айтуынша, қазақ қоғамының тарихи жадында ерекше орын алатын бірнеше негізгі тақырып бар. Олар – қазақтың шығу тегі, ашаршылық, Ақтабан шұбырынды және Алаш қозғалысы.
«Қоғамдық сана бүкіл тарихты толық зерттеумен қалыптаспайды. Сондықтан қарапайым адамдардан кәсіби деңгейдегі тарихи білім талап ету дұрыс емес», – деп түйіндеді ол.
Сұқбаттасқан: Балжан Жеңісқызы
