Аxмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек қазақстандықтар арасындағы "ә", "ө", "ү" сияқты қазақ әріптерінің латын нұсқасына қатысты сынына жауап берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазіргі кезде xалық арасында диграфтарға қатысты сұрақ көп қойылып жүр. Мәселен, бүгінде ағылшын тілінде "ж"-ны "zh", "ч" әрпін ch" деп жазып жүргенімізге көзіміз әбден үйренді. Ал, енді, "ә" дыбысын "ae", "ө" - "oe", "ү" - "ue" деп шығарғанда бәрі таңқалды. Неге? Себебі адамдар латын графикасымен жазылған "ае" мен "ое"-лерді екі бөлек дыбыс деп қабылдайды. Әрине, "ае"-ны екі бөлек дыбыс ретінде оқысақ, мүлдем үйреншіксіз. Негізі, ол екі таңба бір дыбысты білдіреді. Ол "zh" немесе "ch" сияқты. Біз оны бөлек оқымаймыз ғой. Меніңше, қазіргі жаңа таңбаларға да көз үйренуі керек", - деп атап көрсетті Қажыбек бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Институт басшысының айтуынша, латын әліпбиінің бірыңғай стандартын даярлау кезінде барынша қарапайым әрі жеңіл нұсқасына басымдық берілді. Себебі күрделі әліпби қосымша шығындарды ғана емес, ақпараттық теxнологияларды да қажет етеді. Ол үшін жаңа компьютерлік бағдарламаларды және тағы басқасын дайындау қажет. Сосын оны басқа жүйелерге бейімдеу мәселесі тағы бар. "Ал қазіргі ақпараттық заманда шапшаңдылық қажет. Бұл талап әлі де күшейе түседі. Сондықтан ғаламторға кірген бойда ақпаратты жылдам алған маңызды. Ол жағынан қарапайым әліпбидің рөлі зор. Сосын Президент мектептерде латын әліпбиін 2022 жылы енгізуді тапсырды. Демек, апробация үшін әлі төрт жыл бар. Халық жаңа әліпбиді әбден түсініп алуы қажет, көзі әбден үйренуі керек", - деп атап көрсетті Ерден Қажыбек.
Айта кетейік, ҚР Парламент Мәжілісінде өткен қоғамдық тыңдауда латын әліпбиінің бірыңғай нұсқасы таныстырылған болатын. Қазақ тілінің жаңа әліпби жобасы "бір әріп - бір дыбыс", "бір әріп - екі дыбыс" және "бір дыбыс" принципіне негізделген. 25 таңбалы алфавиттен бөлек 8 диграф бар.