Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты акция бастау алды. 25 жұлдызды күн аясында өтетін шаралар жүріп өткен жемісті жылдардың нәтижесін жария етуге бағытталып отыр. Айтулы шараның алғашқы күні ел Конституциясының құрметіне арналса, бүгінгі мезет – Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылды.
1991 жылғы Қазақстанның тәуелсіз ел болуы болашақ Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлының да тағдырын күрт өзгертті. Осы жылдың аяғында ол Әмір Темір кешенін жасау жөніндегі халықаралық конкурсқа қатысу мақсатында қызу дайындық жасап жүрген болатын. Бір күні Алматыдан жерлестері «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының, Елтаңбасының және Әнұранының ең таңдаулы жобасына жарияланған конкурс туралы» ақпараттың шыққанын хабарлап, соған неге қатыспайсың деген сауалдар қойды. Бұл төтенше хабар анау-мынауға қозғала қоймайтын, жасы елуді алқымдап қалған сәулетшінің Отанына деген сезімін оятып, қызығушылығын арттырғаны даусыз. Ең бастысы, туған елдің тағдырына қатысты дүние жасау ниеті, соған үлес қосуға ұмтылыс күндіз-түні мазалап, ойдан шықпай қойды. Толып жатқан тарихи және археологиялық еңбектерді ақтарды. Орталық Азия мұражайларына қойылған сақтардың экспонаттары және ғылыми әдебиеттермен танысты. Содан Елтаңба қазақ тұрмысының ғасырларға кеткен тарихы мен бүгінгі күнін біріктіруі, ол үшін Ұлы Дала тұрғындарының тарихы үш мың жылдан асатын, ежелден тұрағы, құтты мекені, имандылық ұясы, дәстүрлі ордасы болып келе жатқан қасиетті де киелі киіз үйді идеяның арқауы ету керек деген ой санадан шықпай қойды. Көшпелі скиф тайпаларының киіз үйде тұрғаны Геродот, т.б. ертедегі грек тарихшылары жазбаларынан белгілі. «Шаңырағың шайқалмасын!», «Керегең кең, босағаң берік болсын!» деген баталар ұлтымыздың санасында берік орнағаны қашан. Қазір киіз үй мекенжайдың тұрмыстық символына айналып келе жатса да, өзінің өмірге қолайлылығы, құрылымының күрделілігі мен әсемдігі кәсіпкерлерді қызықтырып, олар осы жобамен іштері кең де зәулім ресторандар салулары тегіннен-тегін емес.
Жандарбек Мәлібекұлы өз идеясын жүзеге асыру үшін барын салды, үлгерді, байқау талабына сәйкес болашақ Елтаңбаның жобасын Ташкенттен алып келіп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің кеңсесіне тапсырады. Содан 293 жұмыстан комиссия назарына 10-ы ілікті. Ол жобалар сан рет сарапқа салынды. Солардың ішінде Жандарбек Мәлібекұлының жұмысына қызығушылар қатарының көптігі бірден көзге түсті. Алайда, макеттегі «қошқар мүйізге» көнерген деп үрке қарағандар, «жұлдызға» кешегі Кеңес өкіметінің қалдығы деушілер комиссия қатарында болмай қалмады.
1992 жылғы маусымның 4-і күні Жоғарғы Кеңестің салтанатты мәжілісінде Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздерімен ресми танысу болды. Осында сөйлеген сөзінде Президент Н.Ә.Назарбаев былай деді: «Ұлттық рухты осыншама кемел жеткізген елтаңба әлемде сирек кездеседі десек те артық болмас. Қазақ өмірінің ұлы белгісі – шаңырақтан тараған таң шапағатындай уықтар аясындағы ай мүйізді, алтын қанатты ғажайып пырақтар халқымыздың болашаққа ұмтылған асқақ арманының бейнесіндей болып көрінеді. Қос пырақтың ортақ шаңырақты қанатымен қорғап тұрғаны да көп ой салады. Елтаңбада өте-мөте келісті көркемдік шешімін тапқан ұлы идея – ЕРКІНДІК идеясы біздің есімізге қазақтың: «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген қанатты сөзін еске салып тұратын болсын. Айбынымызды асырып, рухымызды аспандатар елтаңбамыз құтты болсын!».
Бұдан кейін тапсырма бойынша үш айдың ішінде Елтаңбаның қоладан құйылған үлгісі дайындалып, 1992 жылы ол ресми түрде қабылданды. Ал 1996 жылғы қаңтардың 24-інде Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк рәмiздерi туралы» конституциялық заң күшi бар Жарлығымен Елтаңбаның құқықтық мәртебесі айқындалды.
Елтаңба өте күрделі, толып жатқан қызықты да киелі мәні бар киіз үйдің шаңырағы, уығы, желбауы, керегесі, басқұры, босағасы сияқты әмбебап ұғымдарға толы. Сол себепті оны осы кезге дейін жан-жақты түсіндірумен келеміз. Ол орынды. Біз де Елтаңба туралы кейбір түсініктерге өз қатысымызды білдіре кеткенді жөн көрдік. Өйткені, бұл оның мәні мен мазмұнын аша, айқындай түседі.
Мемлекетіміздің басты рәміздерінің бірі – Елтаңба қазір мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен бейнелер жиынтығын білдіреді. Ол қазақтың ұлттық дәстүрінен туған ұғым, бейне. Таңба – қазақта ежелден келе жатқан меншік иесінің де белгісі. Жылқыға да таңба басқанды, уақ малдарға да ен салғанды бала кезімізде талай көргенбіз.
Ұлы Дала тұрғындарының қол өнерінің үлгілері дәл және әсем бейнеленген, тіршіліктің негізгі бастауының бірі болып саналған, көк күмбезді еске түсіретін, көгілдір түс аясындағы ең басты жоғары жүйе құраушы бөлігі шаңырақ бейнесі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының негізгі бөлігі. Бұл елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қасиетті қонысын, біртұтас Отанын бейнелейді.
Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі күн арайларын еске түсіретін оның уықтарына байланысты. Күн сәулесі секілді тараған, кереге мен шаңырақты жалғастырып тұрған 72 дана уық тәуелсіз елдің бірлігі мен тірлігін иықтаса көтеріп тұрған көп этнос өкілдерін танытып тұр. Және ол уықтар соншалықты бір-біріне ұқсағанмен әрқайсысының шаңырақ қаламдығында өзіне ғана тиісті орны бар. Кез келген уық кез келген жерге қадала да, орналаса да бермейді.
Шаңырақтың оң және сол жағына орналастырылған бейнелер – аңыздардағы қанатты пырақтар. Бұл – қазақ поэзиясында кең тараған, қалаған уақытыңда Ұлы Даланың о шеті мен бұ шетінен жеткізетін құстай ұшқан дүлдүл бейнесі ұшқыр арманның, самғаған қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың көрінісі. Ол ер-азаматтың сәйгүлiк серігі, жауға шабар ең басты көлігі, жеңiске жеткізер қайраты, жасымас жiгер мен мұқалмас қажырдың қуаты, алға, еркіндікке құлшыныстың бейнесi. Пырақтың қанаты – көп этносты халқымыздың шынайы биікке самғаған ой-арманы мен жасампаздыққа құштарлығының белгісі. Ал тұлпардың масақты бейнелеген алтын қанаттары қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі мен материалдық игіліктерін танытады.
Елтаңбаның жоғары бөлігінде – қиылған конустың бүйір бетіне көлемді бес бұрышты жұлдыз орналасқан. Оны адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді. Мемлекеттік Елтаңбаның тәжi тәрізді жұлдыз қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытумен қатар, өз бақытын, өз жұлдызын табуды бейнелейді.
Шынына келгенде, әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар, сондықтан ол әруақытта қазақтың «жұлдызың жансын, жұлдызың жарқырасын» деп бата бергендегі қасиетті ырымдық ұғымды танытып тұр. Ырымнан көп қаша бермеу керек. Бұл адамның өзіне деген сенімін арттырудың психологиялық, рухтық жолы болған, солай болып келеді.
Елтаңбадағы мүйізді көшпенділер өз әдет-ғұрыптарында киеліліктің, ерекшеліктің, оқшаулықтың, қасиеттіліктің символындай пайдаланылған. Дала тағылары ақбөкен мен бұғы мүйізінің шипалық қасиеті ежелден белгілі. Сондықтан, көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алады.
Шаңырақ табанына симметриялы орналасқан кереге – киіз үй тұлғасы. Киіз үйдің алдыңғы шығыңқы бөлігі, Елтаңбада кертпеш элементтермен бірге төменгі бөлекте орналасқан босағаның ортаңғы бөлігінде ірі әріппен жазылған «ҚАЗАҚСТАН» деген қасиетті сөз барлық белгілерді біріктіріп ұстап әрі көтеріп тұр. Бұл – еркіндік алған, бостандыққа жеткен, өз билігі өзінде, өз бақытын өзі жасайтын тәуелсіз қазақ халқының алтын әріпті жарқырап тұрған Отанының аты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы Дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан, дөңгеленіп келіп тұратын өмір мен мәңгіліктің символы. Сонымен қатар, Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі ашық аспан мен тыныш тіршілік ұғымдарын танытып тұр. Алтын ежелгі қазақ ұғымында байлықтың символы, металдың ең асылы да тазасы және адам өміріне пайдалысы.
Қорыта келе айтқанда, Мемлекеттік Елтаңба қазақ елінің Сақ дәуірінен соңғы ғасырлардағы мемлекеттіліктің қалыптасуының тарихи кезеңдерін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, философиясын, ой-қиялын, арман-мүддесін, талғам-түсінігін таныта отырып, мемлекеттің тұтастығы мен бірлігін, ұлттық үйлесу мен жарасымдылықты тамаша ұштастырған. Сондықтан да бұл символдық композицияның мәнділігі мен мазмұндылығы, тартымдылығы мен әсемдігі, көркемдігі мен көріктілігі ғажайып та өміршең, баянды да жасампаз.
Мұның барлығы Елтаңба авторының ата-баба мұрасын, ұлтымыздың баға жетпес құндылықтарымен таныстығын, оның асылдарын жүйелі игергенін байқатады. Әсемдікке құмарлық, ерен еңбекқорлық, алған іске деген ерекше жауапкершілік оны өмір бойы алға тартып, жеңіске жеткізді, еліміздің мемлекеттік асыл рәміздерінің бірін дүниеге келтіруге жетеледі.
Елтаңба авторының туған елімен байланысы 1998 жылдардан басталды. Ол Қызылордадағы Айтпай мешітін қайта қалыпқа келтіріп, Асқар Тоқмағамбетов атындағы филармония реконструкциясын жасап, халық игілігіне жаратты. Ал 2002 жылы Астанадан қоныс тапқаннан кейін оның сәулет саласындағы жұмысы қыза түсті. 15-тен астам ірі нысанның жобасы дайындалды. Нейрохирургия институтының техника-экономикалық негізін дайындауға, «Нұр Астана» мешітінің эскиздік жобасын қалыптастыруға, Опера және балет театрының жобасына жарияланған конкурсқа қатысып, «ЭКСПО-2017» алып құрылыс нысанында салынып жатқан Қазақ хандығының 550 жылдық құрметіне арналған символдық ғимарат бар.
Тәуелсіздік таңымен дүниеге келген Мемлекеттік Елтаңба соңғы жеті-сегіз жылдық еңбектің арқасында биылғы тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдық тойына байланысты жаңа мемлекеттік стандарт (ҚР СТ 989-2014) үлгісіне ие болып, оның қырықтан астам элементі белгілі атауларды иемденді. Енді ұлтымыздың рухани һәм материалдық құндылықтарын бойына жинақтаған Елтаңба Мәңгілік Елдің де басты мемлекеттік рәміздерінің бірі бола беретініне сенім мол.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы, профессор