14 сәу, 2025 сағат 13:34

Енді қашан Қазақстаннан космосқа ғарышкер ұшады?

Фото: Ult.kz

Осыдан 64 жыл бұрын алғаш рет адамзат баласы ғарышқа ұшып, айды бағындырды. Қазіргі таңда әлемнің белді ғарыш станциялары Марсқа да ғарыш техникаларын ұшырып жатыр. Әлемде осы уақытқа дейін ғарышқа сапар шеккен 600-ге жуық ғарышкердің ішінде қазақстандық Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетовтер бар. Енді қашан Қазақстаннан ғарышкер орбита кеңістігін бағындырады? Бұл туралы Ғарышкерлер күніне орай Ұлттық ғарыш орталығында ұйымдастырылған пресс-турда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты, деп хабарлайды Ult.kz.


Фото: «Ghalam» ЖШС баспасөз қызметінен
«Ғарышкердің ғарышқа ұшуы әрқашан әсерлі сәт және әр уақытта иммидждық тұрғыда жақсы әсер етеді. Жалпы ғарышкерлер не үшін ғарышқа ұшады дегенге келсек, микрогравитацияда қажетті зерттеулер бар, оларды жерде жасау мүмкін емес, себебі жердегі гравитация кедергі жасайды. Сондықтан халықаралық станцияда ғарышқа ұшатын негізгі ғарыш кемелері ұшып, зерттеу жүргізеді. Сол себепті ғарышкердің ғарышқа ұшуі космостық зерттеулер жүргізу үшін қажет. Сонымен қатар ғарышкердің дайындығы мен ұшуы арзан тұрмайтындықтан, оның нәтижесінен көретін пайдасы шығынды толық жабуы керек. 
 Қазіргі уақытта біздің үш ғарышкеріміз космоста болды, бес ғылыми бағдарлама болды. Егер бізде ғарышкер болды ма десек, иә, болды. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілді ме дегенге келсек, иә, жүргізіліп жатыр. Бірақ космосқа ғарышкер ұшырудың шығынын өтейтін ғылыми бағдарламалар қазір өкінішке қарай жоқ. Бірақ ондай бастамалар болашақта болады деп ойлаймыз. Ондай бастамаларды қуана-қуана қолдаймыз. Менен «Айдын Айымбетов 10 жыл бұрын ғарышта болған, енді қашан бізден ғарышкер ұшады?» деп сұрап жатады. Мен оның нақты уақытын айта алмаймын. Ол үшін белгілі бір фактор әсер етуі тиіс. Ғарышқа ғарышкер ұшыруға қажеттілік туындауы керек»,  ̶  дейді Баубек Оралмағамбетов. 


 Ғарышкерлердің дайындығы мен оларды іріктеп алу талаптары қандай екенін айтқан Аэроғарыш комитетінің төрағасы оны былай түсіндірді:

«Егер сіз ғарышқа ұшқыңыз келсе, сіздің жасыңыз 18 бен 40 жас аралығында болуы керек және осы салады жоғары білімді, физикалық дайындығыңыз мүлтіксіз болуы тиіс. Ғарышкерлерді дайындаудың бұған дейінгі тәжірибелеріне сүйеніп айтар болсам, өте көп медициналық, психо-эмоционалды зерттеулер жүргізіліп, белгілі бір адамдар іріктеліп алынады.  Сосын оларды арнайы орталықтарда дайындайды. Ондай орталықтар Ресейде, АҚШ-та бар. Ал ғарышкердің дайындық мөлшері миссияның көлеміне байланысты. Егер үнемі ғарышқа ұшатын ғарышкер дайындау керек болса, ол ұзақ уақытты алады, тіпті дайындық 5-6 жылға созылуы мүмкін. Ал егер қысқа уақытқа есептелген ұшу жоспары болса, дайындық бұдан аз уақытты алады. Ұзақ уақытқа ұшатын ғарышкер барлық техниканы білуі керек және шұғыл жағдайда не істеу керектігін білуі міндетті»,  ̶  дейді Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов.


Айта кетейік,  12 сәуірде елімізде Ғарышкерлер күні атап өтілді. Осы атаулы күнге орай журналистер ҚР Аэроғарыш комитетінің, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының және «Ghalam» ЖШС өкіллдерімен кездесіп, құрастыру-сынау кешеніне (ҚСК) арнайы экскурсия жасады. Экскурсия барысында өндірістік алаңдарды тілшілер өз көздерімен көріп, ғарыш аппараттарын құрастырудың негізгі кезеңдерімен танысып, аэроғарыш саласындағы қазіргі және болашақ жобалар туралы жан-жақты ақпарат алды.


Балжан Жеңісқызы