01 қыр, 2017 сағат 18:07

Еңбекшіқазақта жаңа саябақ ашылды

Бүгін «Туған жер» бағдарламасы аясында Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Ащыбұлақ ауылында демалыс саябағының салтанатты ашылуы өтті. Шараға облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келді.

Құттықтау сөзінде облыс әкімі: - Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында «Патриотизм ең алдымен туған жерге, өз ауылына, қаласына, өңіріне және кіші отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алады» деген болатын. Айтылған сөзге құлақ салған Жетісулық кәсіпкерлердің үлкен құлшыныспен және ұлтжандылығымен Мемлекет басшысының «Туған жер» бағдарламасын іске асыруға жұмыла кірісіп кеткендігі бізді қатты қуантады.

Бүгінгі күні Жетісу өлкесінің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан Алматы облысында туып өскен есімі елге тараған атақты меценаттардың бары белгілі. Осы тұста «Туған жер» бағдарламасы аясында ең алғашқы жоба дәл осы Еңбекшіқазақ ауданында жүзеге асырылып жатқандығын ерекше атап өткен жөн. Бұл баршамыз үшін жақсы үлгі болмақ. Менің ойымша, осындай игі істер облысымыздың өзге азаматтарының да қолдауын табатын болады. Баршаңызды тағы бір мәрте осынау әсем демалыс саябағының ашылуымен шын жүрегімнен құттықтап, әрбір істеріңізге сәттілік тілеймін, - деді.

Естеріңізге салар болсақ, жаңа демалыс саябағы Сабировтар отбасының арқасында ашылып отыр. Олар жоғары технологиямен жемістер мен көкөністерді өсірумен айналысатын «Amal BIO» ЖШС-нің меншік иесі болып табылады. 1 га аумақты құрайтын саябақта шағын футбол алаңы, балаларға арналған ойын алаңдары, стритбол ойынына арналған алаң, 130 орынға арналған концерт өтетін орын орналасқан. Саябақтың барлық аумағы абаттандырылған, жарықтандырылған, 100 астам жас көшеттер мен декоративті гүлзарлар отырғызылған. Аталған жобаны іске асыруға меценаттардың өз қаражаты есебінен 30 млн. теіге қаражат бөлінген.

Сабировтардың айтуынша олар бүгінгі іспен тоқтап қалмақ ойлары жоқ. Алдағы уақытта да «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға білек сыбана кірісетін болады. Олардың жоспарында Жаңа тұрмыс және Қазақстан ауылдарында да дәл осында демалыс саябақтарын ашу мақсаты тұр.