12 қыр, 2024 сағат 18:38

Еңбек адамы: Жұмысқа ең бірінші келетін адам

 


ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс.  Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн!» деген болатын.

 

Мақтаарал ауданы әкімінің аппаратында жұмысқа ең бірінші келетін бір адам бар. Ол аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің ақпараттық технологиялар операторы – Ерғали Көшкімбеков. 


Ерғали Нұрханұлын аудан әкімі аппараты мен облыс әкімі аппаратының арасындағы «алтын көпір» деуге болады. Оның жұмысы – облыста өтетін жиындарға ауданның басшылары мен мамандарының онлайн қатысуы үшін бейнебайланыс конференцияларын ұйымдастырып, оған техникалық қолдау көрсету. 

Таңғы 9:00-де болатын жиналысқа ВКС жүйесі толық дайын болуы үшін сағат 8.00-8.30-дарда жұмысқа келіп, техникалық тексерулер жүргізеді. Кейде мәжілістердің маңыздылығына қарай демалыс күндері немесе жұмыстан тыс уақытта да ВКС жүйесін қосу керек болады. Осындайда Ерғали Нұрханұлы жұмысының маңыздылығын жете түсініп, әрдайым оған үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сол үшін Ерекеңді аудан әкімі аппаратының ұжымы ерекше сыйлайды, жұмысқа ең бірінші келетін адам ретінде біледі.   

Ол 2009 жылы Мақтаарал ауданы, Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратында оператор болып қызметін бастап, 2020 жылдан бері Мақтаарал ауданы әкімі аппараты ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінде ақпараттық технологиялар операторы болып еңбек етіп келеді. 

Ерғали Көшкімбековті әріптестері өз ісіне берілген, жауапкершілігі жоғары кәсіби маман ретінде таниды. Мәселен, жоғарыда аталған бөлімнің бас инспекторы Бекзат Зейілбеков Ерекеңнің биязы, сыпайы, әріптестерімен тіл табыса алатын мінезі туралы жиі айтады. Одан Олжас Серікбаев, Нұрғиса Күнтуған, Біржан Бектұрған сияқты әріптес інілері үлгі алудан жалыққан емес.

 

Д.АЯЗБЕКОВ,

Мақтаарал ауданы