02 қаз, 2024 сағат 21:12

Еңбек адамы: Түркістан облысында ардагерлер мен ғасыр жасаған қарттарға құрмет көрсетілді

 

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі


Бүгін Арыста 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі атап өтілді. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Жебелі Достановпен бірге бірқатар тыл ардагерлердің шаңырақтарына арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Бар ғұмырын қажырлы еңбек пен елінің өсіп-өркендеуіне арнаған қарттарға құрмет көрсетіп, естелік сыйлықтар тарту етілді.


Қала басшысы құттықтауын Байырқұм ауылында тұратын тыл ардагері Жақсыбай Бинашев ақсақалдың шаңырағынан бастады. Саналы ғұмырын ел дамуына жұмсаған қария бүгінде 5 ұл, 3 қыз өсіріп, олардан 34 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Қариямен әңгімелескен шаһар басшысы ақсақалға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі.


Келесі құттықтау сөзі Қожатоғай ауылында тұратын Мәді Полат қарияның отбасында жалғасты. Мерейлі мерекеде қала басшысы Гүлжан Құрманбекова Арыс қаласында тұратын батыр ана Орын Нарбекованың шаңырағында болды. Орын әже 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген алтын құрсақ ана.


Кездесу барысында қала басшысы ардагерлеріміздің жүріп өткен жолы – елдік пен ерлік жолы екенін айтты. Анамызға ұзақ ғұмыр тіледі.


Өз кезегінде қазыналы қарттар да ризашылықтарын жеткізіп, баршаға бейбіт те берекелі өмір тіледі.


Сонымен бірге, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев ғасыр жасаған аналардың шаңырақтарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.


Алдымен Құркелес ауылдық округі Нұрлы жол ауылының тұрғыны 104 жастағы Жадыра Кескенбаеваның үйіне барған аудан басшысы алтын құрсақты әжейді арнайы мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстап, сұхбаттасты. Жадыра Кескенбаева 7 ұл-қызды дүниеге әкеліп, қазіргі таңда 35 немере, 87 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.

Одан кейін, аудан басшысы Сарыағаш қаласының тұрғыны, үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған 104 жастағы алтын құрсақты әжей Сәуле Сапарбаеваның шаңырағына барып, мерекемен құттықтап, ақ орамал жауып, арнайы сыйлықтар табыстады. Батыр ананың 11 ұл-қызынан 39 немере, 44 шөбере тараған.


– Біз ең алдымен аналарымызды ардақтаймыз. Сіздер өмірді нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын себесіздер. Сіздердің қолдауларыңыз әркімнің жүрегінде сенімділік ұялатып, шуақ сыйлайды. Осы айрықша қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елге ырыс-құт дарысын. Ақ жаулықты аналарымыз қандай құрметке болсын лайықты. Әрқашан, шаңырақтарыңыздың берекесі болып, үйлеріңізден жылулық кетпесін. Жанұяларыңызға береке, бірлік тілеймін! – деді аудан басшысы.


Батыр аналарымыз шаңырағына арнайы құттықтай келген аудан әкіміне ризашылықтарын білдіріп, жастық шақтарынан сыр шертті. Сондай-ақ ауданымыздың дамуы жолында жасалып жатқан жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді.


Сонымен қатар, Түлкібас ауданында да 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, сын сағатта халқына сүйеу, жұртына қамқор болып келген қарттарға ерекше сый-құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов және орынбасары Ербол Орманов жүз жасаған қариялардың үйлерін арнайы аралап, мерекемен құттықтады.


Бірінші кезекте аудан басшысы Майтөбе ауылына табан тіреп, еліміздің біртуар азаматы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының шаңырағында болып, ғасырға жуық жасаған қартқа сый-құрмет көрсетті.


Осындай игі іске мәз-мейрам болған қария шынайы ризашылығын білдіріп, Нұржан Жақсылықұлына өзінің «Абайтану» атты он томдық жинағын тарту етіп, еліміздің мәртебесі биіктеп, ел-жұртымыздың аман болуын тілеп батасын берді.


Содан соң, аудан басшысы аудан орталығындағы ғасырдан аса жас жасаған Вера Севирикованың шаңырағында болып, бүгінде 104 жасқа келген анаға мерекелік құттықтауын жеткізіп, сый-сыйапат жасады.


Айта кетейік, Түркістан облысында 200 мыңға жуық зейнет жасындағы қарт пен ардагер тұрады. Оның 11-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 3,2 мыңнан астамы тыл еңбеккерлері. Сонымен қатар 100 жастан асқан 60 қарт азамат тұрады. Оның ішінде жасы ең үлкені – Жетісай ауданының 110 жасқа толған тұрғыны Бегбаева Унгай.

Елімізде жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі кең көлемде аталып өтеді. Түркістан облысының орталығы мен аудан, қалаларда да салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетілді. Өңірдің белсенді, елге еңбегі сіңген ардагерлері Түркістанға саяхат жасап, арнайы мерекелік жиындарға қатысты.


Алдымен облыс басшысы Дархан Сатыбалды жаңадан бой көтерген «Достық үйі» ғимаратында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажырлы еңбек сіңірген ардагерлермен жүздесіп, еркін пікір алмасты. Өңірді дамыту жұмыстары мен көрсеткіштерге тоқталып, бұл игі жетістіктерде қазыналы қарттарымыздың да үлесі мол екенін атап өтті. Бір топ ардагерді «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады. Олардың қатарында жазушы, қоғам қайраткері және мәдениет саласының ардагері, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасынан және Облыстық ардагерлер кеңесінен, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Аналар кеңесінен, сонымен қатар аудан, қалалардан еңбек ардагерлері бар.


Кездесу салтанатты іс-шараға ұласып, қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев құттықтау сөз сөйлеп, еңбегі еленген ардагерлерге алғыс хат табыстады. Жиын барысында бірқатар ардагер Облыстық мәслихаттың грамотасымен және «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалының алғыс хатымен марапатталды. «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз алып, ізгі лебізін білдірді. Орталық кеңестің «Құрмет белгісі» медалі мен Құрмет грамотасын, алғыс хаттарды тапсырды. Аға буын өкілдері мерекелік дастарқанда концерт тамашалады. Облыстың 150-ден астам зейнеткер мен ардагер қатысқан мерекелік шара әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласып, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония мен «Жаңа леп» өнер ұжымы, «Самғау» би тобы өнер көрсетті.


Түркістан облысында зейнеткерлер мен қарттардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Өңірлерде «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарын ашу тапсырылған. Осы аталған жоспарды іске асыру аясында мереке күні облыста 17-ші орталық ашылды. Жалпы 80 мыңға жуық зейнеткер тиісті қызметтермен қамтылуда. Түркістан қаласында осындай орталықтарға сұранысы көбеюіне байланысты шаһарда 3 орталық зейнеткерлерге қызмет көрсетуде. Бұл орталықтарда қарияларға барлық жағдай жасалған. Облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында 8 мыңға жуық қария демалып, денсаулығын түзейді. Сол демалыс орындарының бірі – «Ардагерлер үйін» Түркістан облысына көшіріп, келесі жылы ардагерлерді қабылдау көзделіп отыр.