Фото: okg.kz
Қоғамнан өз орнын тауып, адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген азаматтар арамызда аз емес. Таяуда көптің арасында көзге жиі түсе бермейтін, бірақ, айналасы ерекше құрмет тұтатын бесаспап жанмен тілдескен едік.
Тілесбай Жұмабай 1947 жылы Ордабасы ауданы, Бөген ауылында дүниеге келген. Текті ұрпақтың мұрагері. Арғы атасы Жұмабай Бименұлы – осы ауылда алғаш рет мектеп ашқан зиялы адам. Ал, әкесі Әмзебай ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті. Өмірлік қосағы Зияш екеуі 13 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Перзенттерінің бәрі жоғары білім алып, еліміздің өркендеп, нығаюы жолында тер төгуде.
Осы Әмзебай мен Зияштың тұңғышы Тілесбай еңбекпен ерте есейді. Кәмелет жасқа толмай-ақ Бөген автобазасында слесарь-жөндеуші болып жұмыс істеді. Отан алдындағы борышын өтеді. 1970 жылы арнайы механизаторлық курста оқып, көтергіш кран машинисі мамандығын игерді. Бұл шаруашылық үшін таптырмас кадр еді. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіпті ілкімділігінің арқасында тез игеріп кетті. 1980 жылға дейін көтергіш кранның рөлінде отырып, сан-салалы жұмыстарды атқарды. Жастық шақта адам әр нәрсеге әуес келеді ғой. Тілесбай жастайынан фотоаппаратпен сурет түсіруге құмартып, арнайы курс та оқыды. Сөйтіп, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында 19 жыл еңбек етіп, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді.
Шаруашылықтың сан-саласынан хабары мол азамат үнемі ізденісте жүретін. Соның нәтижесінде 1993 жылы Бөген ауылында «Көлтоған» шаруа қожалығын ұйымдастырып, өзіне тиемелді суармалы жеріне алма мен жүзім көшеттерін отырғызды. Бұдан басқа жыл сайын мақта, жүгері, жоңышқа егіп, ұжым мүшелері табысқа кенелді. 2005 жылы Арыс ауданына қарасты көршілес Саналы ауылынан да «Көлтоған» атты шаруа қожалығын ашты. Жайылымда асыл тұқымды қой өсіруде. Осылай мал семіртудің де шебері атанды. Мал санын көбейтумен қатар, мемлекетке семіз ет өткізеді. 2005 жылдан бері Бөген көлінде шабақ өсіріп, «Дария балық» ЖШС-не басшылық етуде. Он шақты жанды жұмыспен қамтып отыр. Тілесбай Әмзебайұлы осылайша 3 саланы қатар игеріп, ел байлығын арттырумен бірге еңбеккерлердің де әлеуетін көтеріп жүр. Табыс оңайлықпен келмейді.
Жұмысшыларын еңбекке баулып басқару бір бөлек те, балықтың жемін тауып беру, уақтылы азықтандыру, міндетіне алған тауарды дер кезінде тиісті мекемеге дайындап жеткізіп беру, тапсырысты мінсіз орындау сияқты жұмыстарды шебер үйлестіріп, еңбекті дұрыс ұйымдастырудың, дұрыс басшылық етудің нәтижесінде толағай табыстарға жетіп жүр. Одан бөлек, өзге әріптестерімен жиі тәжірибе алмасады, түрлі көрмеге барып қайтады. Оның да тиімді жақтары мол.
Бесаспап маман осылай тынымсыз еңбегімен абыройға бөленіп, көптеген марапат иесі атанды. Оның төсбелгі мен медальдарын тізбелесек, қағаз жетпесі анық. Саланы дамыту, сапаны жақсарту бойынша да көшбасшы атанған азамат халықаралық сыйлықтар мен бірнеше диплом иегері. Т.Жұмабай 2019 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ол Арыс қаласының және Ордабасы ауданының құрметті азаматы.
Еңбекқор жан зайыбы – Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Батыр ана Бибайша Әлішер-
қызы екеуі 7 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, 40 немере, 7 шөберенің қызығын көруде.
Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ордабасы ауданы.