22 қар, 2024 сағат 19:55

Еңбек адамы: Ниеті жақсы Ниетқабыл

 

Фото: okg.kz


Ниетқабыл Беркінбаев әуелі ауданда шоферлық курста оқыды. 1970 жылы Жамбыл мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1974 жылы  бітіреді. Институт қабырғасында жүргенде бокс секциясына қатысып, сол қаладағы оқу орындары арасында өткізілген біріншіліктерде бірінші орындар мен жүлделі орындарды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрді. 1972 жылы Жамбыл қаласының чемпионы болады. 1974 жылы Шолаққорған ауылындағы №14 мектеп-интернатқа қабылданып, мұғалім және тәрбиеші болып қызмет атқарды. 1977 жылы аудандық білім бөліміне кадр жөніндегі орынбасары болып қызмет ауыстырады. Сол жылдары Ләнде Бөкенов, Сағынтай Байділдаев, Көпей Шерниязов сияқты білімді, білікті басшы ұстаздармен тізе қоса жүріп қажырлы еңбек етеді. Ағаларынан тәлім-тәрбие алады. Еңбегі жанып, Қазақ ССР оқу ағарту ісінің үздігі атанады.


– 2010 жылы зейнеткерлікке шықтым. Оған дейін отбасымызбен мал бордақылау жұмысымен айналыстық. Ол уақытта ұстаздарға айлықпен бала-шағаны асырау қиындау болатын. Оның үстіне оларды оқыту керек, киіндіру керек, қала берді ержеткендерін үйлендіру керек. Мемлекеттен несие алған жоқпыз. «Береке» шаруа қожалығын ашып, балаларыммен бірігіп жұмыс жасадым. Отбасымда төрт ұл, бір қызым бар. Қызым анасына көмектеседі. Ұлдарым қасымда болып, жұмысты бастадық. Шаруа қожалығының иелігінде төрт түліктің бәрі бар. Құмдағы Жаманайда 400 гектар жайылымды жеріміз, тау бөктерінде 600 гектар жеріміз бар. Шолаққорған ауылынан 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Ал, уақытша маусымдық науқанда 15 адам көмекке келеді, – дейді Ниетқабыл аға. 


Олар отбасымен  «Қайсар» сауда дүкенін, «Қайсар» жанар-жағармай құю бекетін, «Қайсар» наубайханасын ашады, «Қайсар» тойханасын іске қосады. Ұлдары Жантөре, Асылбек, Күнтөре, Жазылбек аудан, облыс көлеміндегі мәдени-спорттық шараларға демеушілік жасайды. Жантөре жылқыларды асылдандыру жұмыстарымен айналысып, ат спорты шараларына қатысады. Атбегілік өнері де бар. Асылбек «Үш арыс» қауымдастығының Созақ ауданындағы филиалының төрағасы.


Бүгінде Ниетқабыл Беркінбаевтың 75 жасқа толуына орай бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир өткелі жатыр. Кезінде Амалбек Тшанов, Көкімов, Мухитдинов сияқты былғары қолғап шеберлерімен қолғап түйістірген ағамыз әлі де аттан түсе қойған жоқ. Ол немерелерін осы спорт түріне баулып жүр.


– Адал еңбек адамға алдымен абырой, одан кейін отбасылық бақыт, қуаныш әкелетінін балаларыма ұдайы айтып отырамын. Кешегі ата-бабаларымыз бір жапырақ нан үшін, ұрпақтарының амандығы, саулығы үшін қандай азапты жол жүрді. Олардың тау асып, өзен кешіп, жалаң аяқ жар басып жүргенін ұмытпаңдар деймін, – дейді Ниетқабыл аға ағынан жарылып.

 

Мақсат Қарғабай,

«Оңтүстік Қазақстан»

Созақ ауданы.