Фото: egemen.kz
Еңбек адамы ұғымы кең мағынада қолданылатын ұғым. Бұл ұғым белгілі бір саланың, кәсіптің немесе өнердің дамуына жанын салып, адал еңбегімен үлес қосатын адамдарды сипаттайды. Бүгінгі таңда "Еңбек адамы" бейнесі қалай насихатталып жатыр?
Бүгінде Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 9,2 млн адам еңбек етіп, елдің дамуына өз үлесін қосып жүрген болса, олардың ішінде 7 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 75,9%) жалдамалы жұмыс істейді екен. Олардың өз еңбегіне сай жалақысын алып, күнкөрісін қамтамасыз етуі мемлекеттің мойнындағы міндет, үлкен жауапкершілік. Мысалға Биылғы жылдың 2 тоқсанында бір ғана Түркістан облысында орташа атаулы айлық жалақы 324 470 теңгені құраған. Елдегі айлық жалақысының орташа мәні өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10,3%-ға өсті. Десе де Түркістан облысы жұмыссыздық деңгейі бойынша елдегі алдыңғы қатардағы аймақтардың бірі болып отыр. Дегенмен де мәселенің өзектілігіне қарай оның шешілу жолдары да барынша іздестіріліп жатқан көрінеді.
Еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, таза, адал жұмыс істейтін, өз еңбегін маңдай терімен табатын кісі. Ол өз ісіне жанашырлықпен қарайды және оны бар ынта-жігерімен орындайды.
«Еңбек адамы» идеология ретінде жүргізілуі жастарды еңбекке баулу мәселесі Түркістан облысын да айналып өтіп жатқан жоқ. Аталған облыста жастарды жұмыспен қамту және жұмыссыз жастар санын азайту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Облыста жастарды мемлекеттік бағдарламамен қамту, жас кәсіпкерлерді қолдау, «Кәсіптік бағдар беру» бойынша жұмыстар, «Серпін» бағдарламасын насихаттау, өңірдегі жастар саясатын дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.
«Аудан, қалалық жастар ресурстық орталықтарында біршама жұмыстар атқарылды. Әсіресе, жұмыс жүргізу барысында басты басымдық жастарды жұмыспен қамту бағытына аударылды. Басты мақсат – жұмыссыз жастар санын азайту. Осы мақсатта өңірде кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарға қолдау күшейтіліп, жұмысқа орналастыру бойынша белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынуы керек. Алдағы уақытта NEET санатындағы жастар үлесін азайту мақсатында әлеуметтік қолдау, білім алуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдануы тиіс, – деген болатын Түркістанда өткен жиындардың біріншде облыс әкімінің орынбасары Б. Тәжібаев.
«Еңбек адамы» бейнесін насихаттаудың маңызы қандай?
Бүгінгі күні арзан атақ, жеңіл ақшаның насихаты қатты жүріп, елді елітетін сондай жарнамалар көбейіп, алаяқтардың құрығына түсіп жатқандар да, ауадан ақша жасап жатқандар да баршылық. Осындайда мемлекетті шын көтеретін, елдің өркендеуіне, қоғамның дамуына үлес қосатын жел ақша емес, жеңіл жұмыс емес, еңбек және «еңбек – бәрін де жеңбек» екенін түсіндіру, халыққа насихаттау, санасына сіңіру маңызды болып тұрғаны рас. Әсіресе әлеуметтік желіде «хайп» жасап танымал боламын деп, уақытын сарп етіп жатқан бозбалалар мен бойжеткендер мен ойынқұмарлықтың соңына түсіп, тағдырын тәлкі етіп жатқан қаншама жасы да жасамысы да көп екені жасырын емес.
Осы мәселелердің барлығын ескере отырып, «Еңбек адамы» бейнесін насихаттау жай сөз емес, өзекті мәселе, маңызды сұрақ екенін түсінесің.
Еңбек адамы тек ауыл шаруашылығында, мал шаруашылығында жұмыс істейтін адамдармен шектелмейді. Бұл ұғым кез келген салада шын жүрекпен, адал еңбегімен жұмыс істейтін адамдарға қатысты қолданылуы керек. Жазушы, актер, өнер адамы немесе басқа да кәсіп иелері болсын, егер олар өз ісін шынайы сүйіспеншілікпен және еңбекқорлықпен атқарса, оларды да еңбек адамы деп атауға болады.
Бұрынғы кеңес үкіметі кезінде еңбек адамы ұғымы кеңінен қолданылып, ол кезде бұл атақ үлкен мәртебеге ие болатын. Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде де бұл ұғым өз маңызын жоғалтқан жоқ және бүгінгі күнде де кез келген салада адал еңбек ететін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын адамдарды еңбек адамы деп құрметтеуге болады және олар өз еңбегіне сай еңбекақысын да алып отыр.
“Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек”
Қазақстан Республикасының Президенті, мемлекет басшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлықтың маңыздылығын ылғи ерекше атап өтеді. Ол еліміздің дамуы үшін еңбекқор және кәсіби мамандар қоғамдағы ең жоғары деңгейде бағалануы керек екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы осындай адамдар елді гүлдендіріп, өркендететінін баса айтты.
Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбекқор адамның қадір-қасиеті жоғары екенін және оларды бағалдауымыз керек екенін айтып, еліміз солардың арқасында дамып жатқанын айтып өтті.
«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Президенттің бұл сөздері халықты еңбекке және кәсіби біліктілікті арттыруға шақырудың маңызды бөлігі болып табылады.
Бүгінде Қазақстанда «еңбек адамдары» қатарына кәсіпкерлерді де жатқызуға болады. Олар өз еңбектерімен, талмай жұмыс істеу арқылы табысқа жетіп, экономиканың маңызды қозғаушы күштерінің бірі ретінде танылып отыр. Кәсіпкерлер өз ісін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикасының тұрақты дамуына үлес қосып жатыр десек артық айтпағанымыз болар. Сондықтан олардың еңбегі мен кәсіпкерлік белсенділігі қоғам тарапынан жоғары бағалануы тиіс. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша елімізде бүгінде 2,2 млн адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 24,1%) өзін-өзі жұмыспен қамтыған көрінеді. Кәсіпкерліктің дамуы елдегі орта және шағын бизнестің өркендеуіне ықпал етеді, ол өз кезегінде ел экономикасын көтеріп, халықты жұмыспен қамтуға және өндірістің дамуына үлес қосады.
Тәуелсіз Қазақстанда Еңбек күні 20 рет атап өтілді
Айта кетейік, Қазақстанда еңбек күні тойланады. Ол қыркүйек айының соңғы жексенбісі. Биыл күзде елімізде еңбек күнін 21-ші жыл атап өткелі отырмыз. Осы атаулы мерекені тойлаудың негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттырып, қарапайым жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру болып отыр. Осымен қатар Қазақстандағы жас азаматтарды еңбекке баулып, оларға еңбектің маңыздылығын түсіндіру үшін де осы атаулы күннің мәні зор. Осымен-ақ елдегі еңбек адамының қалай бағаланатыны, қандай құрметке ие екенін түсінуге болатын шығар.
Сонымен қатар тағы бір айта кететін жайыт, ел президенті жыл сайын еңбек адамдарын осы мерекемен құттықтап, өз тілегін жолдайды. Ол өз сөзінде «Адал азаматқа» тән қасиеттер ретінде еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену секілді асыл қасиеттер атап өтіп, осындай қасиеттері бар еңбек адамдары әрдайым қоғамның назарында болуы тиіс, ал жастар олардың үлгісімен өмір сүруі керек екенін айтты.
«Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр», -деген еді Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды еңбек күнімен құттықтауындағы сөзінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде егер адам қандай да бір нәтижеге жеткісі келсе, табысты, жасампаз болғысы келетін болса, ол міндетті түрде еңбекқор болуы тиіс екенін айтады.