22 қар, 2024 сағат 20:06

Еңбек адамы: Алдыңда қадірі бар ағаң болса...

 

Фото: okg.kz

 

Тастанбек ағамыз туралы тағы да жазуға тура келіп тұр. Тағы да қайтара айтуымыздың өз себебі, өз мәнісі бар: ағамыз туралы 60-қа, 70-ке, 75-ке толғанда қалам тербегенбіз, жергілікті баспасөз беттерінде жарияланған. Енді міне, абыздың жасы 80-ге келді. Бір ізді шиырлай бермейік, бір сөзді қайталай бермейік, басқа қырынан келейік дедік. Ендеше, бұл жолы жүрегіміз не дейді екен соны тыңдаңыздар.


Қазақтың ескіден қалған, халық жүрегінде сақталған қара өлеңінде: 


«Алдыңда қадірі бар ағаң болса,

Жігітке асқар ала бел емес пе?

Кемеңгер сыйласымды жеңгең болса,

Қазына таусылмайтын кен емес пе?!» дейтін жолдар бар. Осында айтылған алдымыздағы асу бел ағамыз да, кең пейіл жеңгеміз де осылар. Әрине, мұндай құрметке ол кісілер оңай жете қоймағаны белгілі. Әйтпесе ауылда, шаң-топыраққа аунап өскен, түрлі қарапайым жұмыстардан күнге күйген қара балаға мұндай атақ, абырой өздігінен келмесі анық.  


Иә, Тәкең еліміздің Оңтүстігінің қиыр шеті Сырдария өзенінің сол жағындағы құмды жазық Мырзашөл жерінде өмірге келген. 1944 жылдың 5 желтоқсанында. Соғыстан арнайы малшыларға арналған броньмен жіберілмей қалған Атақұл атаның екінші ұлы, жемісі еді. Балғын шағы соғыстан кейінгі ауыр күндерге тап келіп, базарлы бал қызықты, жадыраған жаз күлкіні көрмей өсті. Қатал әке тәрбиесі оны жастайынан дала жұмысына да, үй тірлігіне де жегіп қойды, төзімділікке, еңбекқорлыққа баулыды.


Қаншама қатал дегенмен, бәлкім өзі бастан кешкен ауыр кезеңді балаларым көрмесін деген ниет болды ма, қайран әке ең алдымен баласын оқытуға келгенде жібіп сала беріпті: сол шағын ауылдан білім іздеп алғашқы болып, сонау Алматыға Атақұл атаның үлкен ұлы Жақсылық барыпты, бағы жанып, Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының аграномия факультетіне оқуға қабылданады. Енді үйдің тіршілігі: жазда мал жаю, шөп орып, есекпен тасымалдау, қыста күнделікті отын жарып, үй жылыту сияқты бас-аяғы таусылмайтын ұсақ шаруалар баланы ойынға да жібермей Тастанбекке жүктелді. Сөйтіп жүріп жеті жылдықты бітірді. Бұл кезде ағасы да институт бітіріп көрші Киров ауданы, «Большевик» кеңшарының №4 бөлімшесіне аға агроном болып ауысады. Жеті жылдықты бітірген Тастанбекті көрші аудандағы ауыл шаруашылығы техникумына жіберді. Техникумды бітіріп ауылға келіп, трактор шеберханада тәжірибеден өтті. Бірақ, арманшыл көңіл бұған қанағаттанбады. Жоғары білім алсам деп ұмтылды. Білікті де білімді кеңшар директоры Шаблан Ділдәбеков ағасындай болуды армандады. Көп ұзамай қазақтың мемлекеттік ауыл шарушылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсті. Енді директор болу арманына бір табан жақындай түсті-ау шамасы. Бірақ...


Бірақ, өмір деген дүлей күш тәтті арманыңды таудан аққан тасқындай бұзып жарып кетеді екен. Тасекең де сондай жағдайды басынан кешті. Ол былай болыпты: бұрын да жұмыс істеп, ұжым тәрбиесін көрген, үлкен-кішілі араласып үлгерген, яғни ақыл тоқтатқан жігітіміз оқуды бірден-ақ меңгеріп ала кетсін. Өйткені, өзі де білімге шөліркей келіп еді, еріксіз бас қойды. Тәкең институтқа кеңшар сұранысымен жіберілген, орта оқыса да степендиядан қағылмасын білетін еді. Орташа оқуға өзгелердің сенімі, жасының есейгені, адамгершілік ар-намысын жібермеді. Сөйтіп жатпай-тұрмай дегендей ізденіп, жақсы оқыды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, институтты үздік бітірді. Содан соң жоғарыдан бөлінген арнайы жолдамамен аспирантурада қалдырылды. Одан соң, ауылға келемін кеңшарға директор боламын деген арманы еріксіз бұзылды. Өзіне сенім артып жіберген кеңшардың директорына келіп, шынын айтты. Көпті көрген, талай жастарға қамқорлық жасап жүрген, елдің қамын ойлайтын ұжым басшысы Шаблан Ділдәбеков ағасы: 


Тастанбек інім, ұялма, оқуыңды жалғастыра бер, біз жаңа бір ғалым дайындауға үлес қоссақ, үлкен абырой емес пе, жолың болсын, – деп ақ батасын беріп қанаттандырып жіберді. 


Сонымен...


Ия, сонымен Тастанбек ағамыздың өміріне жаңа кезең, жаңа дәуір, жаңа арнаға бетбұрыс болды. Біз де әңгімемізді «Инемен құдық қазғандай» дейтін қиын да, күрделі, мәнді де маңызды ғылым саласындағы жүрген жолының, алған асулары мен жеткен жетістіктеріне тоқтала кетейік: Жас аспирант мелиорация кафедрасының меңгерушісі Нұрғалиев Қажымұханның жетекшілігімен Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында далалық ғылыми жұмыстармен шұғылдану басталды. Сол жылдан бастап осы уақытқа дейін үзіліссіз, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде қызмет істеп келеді. Еліміздің ауыл шаруашылығына мамандар даярлаумен қатар, ол республикамыздың суармалы жерлерін, су көздерін тиімді пайдалану бағытында үздіксіз, нәтижелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы өзекті мәселелер бойынша алты ғылыми жобаның жетекшісі болып, нәтижесінде 250-ден астам ғылыми еңбектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланды, оның жетеуі импакт-факторлы журналдарда. Суармалы жерлерді, су көздерін тиімді пайдалану, дақылдарды инновациялық әдістермен өсіру мәселелері бойынша үш патент алынды және өндіріске 15 ұсыныс жасалынды. Осы ұсыныстарды фермерлерге жеткізу үшін Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының шаруа қожалықтарына, фермерлерге барып түсініктемелер берілді. Осы мәселелер бойынша туған елімен тығыз байланыста болды, нәтижесінде Мақтаарал және Жетісай аудандарының құрметті азаматы атанды. 


Профессор Атақұлов Тастанбек елімізге ғылыми мамандар даярлауда Оңтүстік Корея (Lim Sang Cheol), Алмания (Kaze Heinz Koleez), Латвия (Kestutis Romaнецкас), Өзбекстан (Назаров Худайберді) сияқты шетел ғалымдарымен бірге жұмыстар  атқаруда. 


Оның жетекшілігімен үш  докторлық, төрт кандидаттық, үш доктор PhD, он сегіз магистрлік диссертациялар қорғалынды, сонымен қатар студенттердің дипломдық жұмыстарына жетекшілік етілді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарын дамытуға сіңірген еңбегі үшін 2004 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің медалімен, ал, 2013 жылы Ресей Академиясы Президиумының шешімімен А.И.Вавилов атындағы медальмен марапатталған, осы жылы ҚР ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі болып сайланды. Жоғары дәрежеде сапалы оқулықтар дайындағаны үшін 2004 жылы А.Байтұрсынов атындағы қола, ал, 2014 жылы алтын медальдардың иегері болды. Ауыл шаруашылығына мамандар даярлауға сіңірген еңбегі үшін 2005 жылы, «Ерен еңбегі үшін», 2024 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған, ал, 2007 жылы «ҚР жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері болды. 


Қазіргі уақытта профессор Тастанбек Атақұлов Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агрономия, селекция және биотехнология» кафедрасының профессоры қызметін атқаруда, сонымен қатар суармалы жерлерді қарқынды пайдалану бағытында ғылыми жұмыстарын жалғастырып келеді. 


Екінші қыры – адамгершілігі, ұлттық дәстүрімізге адалдығы туралы айтайық. Бұрыннан қалған қасиетті сөзі бар: «Жақсы болса алғаның, үйіңнен қонақ кетпейді» Рая Бақдәулетқызының жарқын қабағы, кең пейіліне жұрт риза. Көрген-білген, танитындардың бәрі былайша қонаққа құшақ жаю ата-тегінен шыққан дейді. Тегінде бар дегенге еріксіз тоқтайсыз, сенесіз. 


Біз Тасекеңнің қабырғасы еңбекпен қатты дедік. Спортқа да жастайынан құмартып өсті. Жоғары оқу орнына барғанда өзі құралпы жастардан арнайы команда жасақтады. Тіпті, ұлт зиялылары Олжас Сүлейменов, Санжар Оразов бастаған жігіттер Тәкеңнің командасында ойнап жүргенін көргенбіз. Бұл да Тәкең тағлымының бірі десек артық болмас. 


Тәкең жүрген жерінде адамдарды жақсылыққа, салауатты өмір сүруге тартып жүреді. Содан болар, өзінің жүріс-тұрысына қарай ағаны 80-ге келді дегенге іштей сенгіңіз келмейді. Иә, осы бағытыңыздан таймаңыз дегіміз келеді. 

Тәкеңнің тәрбиесін көргендер бір аядай ауылдан оннан асамыз, туған ағасының 7 баласы, әпкесінің 7 баласы сары ауыз балапан болып келіп, қанатын қатайтып, қыран болып ұшты. Оның ішінде 3-еуі ғылым кандидаты, қалғандары аудан, облыстарда басшылық салада істеді. Міне, Тәкеңнің жемісі, жеңісі, түлеп ұшқан түлектері, соларды есітіп, көріп кеудесі көтеріледі, мақтанады.  


Тәкең жылда туған жері ауылға барады, мектеп бітірушілермен кездеседі, өзім жәрдем беремін деп шынын айтып, уәдесін береді. Содан балалар келісімен, Тәкең жүгіріп жүріп, жайғастырады, білімін тексереді, бағыт-бағдар сілтейді. 


Сөзіміздің басында біз қазақтың ежелгі қара өлеңінен «Алдыңда қадірі бар ағаң болса» деген жолдарды тілге тиек еттік. Тауып айтылған екен. Біздің алдымызда асқар тау болып, қадірі бар тау тұлғалы асыл ағамыз Тастанбек Атақұлұлы тұр. Мызғымай, мүжілмей, жартастай тұра беріңіз дегіміз келеді. 


Аға туралы өткен жазбаларымның бірінде атақты Тұманбай Молдағалиев ақынның бір шумақ өлең жолдарын мысалға алған екенмін. Сөзімнің соңын әлі де сол ниет, пікірдемін дегенді айтқым келіп тұр:


«Қиқуларда алда шапқан қаракөк,

Жүрегінде мейірімді жанады от.

Алпыстан да, жетпістен де, 

                                           сексеннен,

Жанған оттай, жарға соқпай 

                                           аман өт!» 

Аман болыңыз, ардақты Аға!

                                           

 

Жолбарыс ТІЛЕУҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.