15 қаз, 2019 сағат 12:34

Емханаға жеке куәлік пен телефон ғана апардым - Олжас Әбішев

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев электрондық денсаулық паспорты қалай жұмыс істейтінін өзі тексеріп көргенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Екі апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы №6 емханаға бардым. Мен сол емханада тіркелгенмін. Жүйенің қалай жұмыс істеп тұрғанын тексеру үшін өзіммен бірге ұялы телефон мен жеке куәлігімді ғана ала бардым», - дейді ол.

Вице-министр ол емханаға көп адам қаралатынын айтты.

«Ол - стандартты емхана. Мен смартфон арқылы дәрігерге алдын ала жазылып, олар жеке куәлігім арқылы мен туралы жазбаларды көрсетті. Ешқандай амбулаториялық карта болған жоқ», - дейді ол.

Ол азаматтың қалауы бойынша медициналық жазбаларды қағазға шығарып беруге болатынын айтты.

«Медициналық жазбаларды қолға шығарып беруге тыйым салынбаған. Бірақ кеңес алу мен дәрі-дәрмек жазып беруге дейінгі мелициналық қызмет түрлерін осы электрондық денсаулық картасы арқылы алдым. Дәрігерге екі апта жөтеліп, тамағым ауырғанын айтып едім, ол ішетін дәрі-дәрмек туралы мәліметті электронды форматта берді. Аймақтарда техникалық мәселелер туындайтын шығар, бірақ мұның бәрі - шешілетін мәселе», - дейді Олжас Әбішев.