21 қыр, 2020 сағат 12:18

Емхана алдындағы ұзын-сонар кезек: №7 клиникалық аурухана жағдайды түсіндірді

Бүгін Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухана алдында ұзын-сонар кезек пайда болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Әлеуметтік желіде Алматыдағы № 7 қалалық клиникалық аурухана алдындағы ұзын-сонар кезектің видеосы пайда болды. Бейнежазбадан тұрғындардың дәрігерге қаралуға кіргізбей жатқанына шағымданып жатқанын көруге болады. 

Өз кезегінде №7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі емхана жұмысы таңғы сағат 08: 00-де басталатынын айтты. Ал адамдар таңғы 07: 00-ден келген. Сондай-ақ, науқастар алдын ала жазылу арқылы қабылданады. 

«Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында емхананың кіреберісінде келушілерге алдын ала дезинфекция жұмысы жүргізіледі. Қабылдау кезінде науқастар емхана ішінде әлеуметтік арақашықтықты сақтауы тиіс. Емхана ұжымы бұл туралы үнемі ескертеді, алайда емханаға келушілердің барлығы бірдей бұл талапқа құлақ аса бермейді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, емхана әкімшілігі пациенттерінен санитарлық нормаларды сақтауды сұрайды», - деп жауап берді №7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі.