ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бақылау кеңестерін құру мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, бақылау кеңестерін құру тізімінде Маңғыстау облысы мен Шымкент көштің соңында қалған.
«100 нақты қадам - Ұлт жоспары» аясында Елбасының корпоративті басқаруды енгізу тапсырмасы бар. Бұл 2015 жылы болды. Өткен жылы осы бақылау кеңестерін құру туралы менің бұйрығым шықты. Әкімдік (Маңғыстау облысы - ред.) бұйрықты елемей отыр. Бұл - үлкен жүйелі мәселе. Ашықтық жоқ жерде, қоғам оқиғадан хабарсыз жерде дәрігерлермен, құрал-жабдықтармен түрлі мәселелер болады. Мен Сіздерге бір ай уақыт беремін. Бір айда қоғам мен бизнес алдында есеп бересіздер. Мұны өзім қадағалаймын!, - деді Елжан Біртанов ҚР Денсаулық министрлігі алқасының отырысында.
Айта кетейік, елордада 2019 жылдың жартыжылдығына арналған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі алқасының отырысы өтіп жатыр. Отырыста 2016-2019 жылдары денсаулық сақтауды дамытуға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы, 2019-2020 жылдарға арналған бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту шараларының жоспары, 2019 жылға арналған ҚР ана өлімін азайту бойынша жедел жоспар, 2019-2021 жылдарды қамтитын балалар өлімін азайту бойынша шаралар жоспары, кадрлық қамтамасыз ету және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау саласына инвестициялар тарту мәселесі қаралады.