02 қаз, 2021 сағат 01:14

Елорданың үздік мұғалімдері 1 млн теңгеден сыйлық алды


«Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» атанған мұғалімдер 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алтай Көлгінов елорданың үздік мұғалімдерімен кездесіп, оларды кәсіби мерекесімен құттықтады. 

«Ел басшылығы мұғалімдердің жағдайын жасауға және оларды қолдауға ерекше көңіл бөледі: 2024 жылға дейін жыл сайын педагогтердің жалақысы 25%-ға артып, біліктілікті арттыру бойынша бағдарламалар енгізілді, сол сияқты жоғары оқу орындарына гранттар бөлінді. Бұған қоса қолайлы жұмыс істеу және оқушы орындарымен қамтамасыз ету үшін жыл сайын оқу орындары салынып жатыр. Биыл 15 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Бұл шамамен 40 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді. Салыстырар болсақ 2020 жылдан екі есе, 2019 жылдан төрт есе көп» - деді әкім желіде.

Сондай-ақ ол ұстаздарға арнап әлеуметтік тұрғын үй салып, тұрғын үй сертификаттар беріліп жатқанын тілге тиек етті.

«Бүгін «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогы» атанған мұғалімдер 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бұл ақшалай марапат өткен жылдан бастап енгізілді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және ҚР БҒМ «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері, дипломдар берілді. Ал №7 «Аққу» балабақшасына, №85 мектеп-лицейіне және Astana Polytechnic жоғары колледжіне 7 млн теңгеден гранттар берілді», - деп тоықтырды ол.