Елорданың Сарыарқа ауданында апатты үйлердің орнына демалыс орны пайда болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Жыл соңына дейін ауданда 14 қоғамдық кеңістік абаттандырылады. С.Сейфуллин көшесінде апатты деп танылып, юұздырылған екі үйдің орнына жайлы демалыс орны пайда болды: асфальт төселіп, балалар ойын алаңдары, орындықтар орнатылып, жарықтандырылды.
Маусымның басында басталған қоғамдық кеңістік құрылысы бірнеше күн бұрын аяқталды.
«Біз тұрғындармен жаңа демалыс орнында көргісі келетін нәрселер туралы алдын ала келісіп, қоғамдық пікірді тыңдап, талқыладық. Орнатылған жабдықтардың 90%-ы елімізде жасалған. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жұмысшылар тартылды», – деді Сарыарқа ауданының Абаттандыру және қоғамдық кеңістікті дамыту бөлімінің басшысы Азамат Машенов.
Қазіргі уақытта Сарыарқа ауданында екі жаңа қоғамдық орын пайда болды. Жыл соңына дейін тағы 12 орынды абаттандыру жоспарланған. Мұндай абаттандыру жұмыстары қаланың барлық аудандарында жүргізіліп отыр. Биыл Нұр-Сұлтанда 150 аула мен 50 қоғамдық орын, оның ішінде Алматы ауданында – 33, Байқоңырда – 70, Есілде – 20, Сарыарқада – 40 абаттандыру жоспарланған.