16 қаз, 2020 сағат 06:15

Елорданың әуежайынан 4 адам депортацияланды

Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына өткен тәулікте 573 жолаушы ұшып келіп, оның 132-сі карантин стационарына жатқызылды.

«Бір тәуліктің ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына Air Astana, Turkish Airlines, Belavia және Flydubai әуекомпанияларының 5 ұшағы қонды. Бортта экипаж мүшелерін қоса есептегенде 573 жолаушы болды. 132 жолаушыда ПТР-тестілеу анықтамасы болмағандықтан карантин стационарына орналастырылды. 4 жолаушы депортацияланды», - деп хабарлайды Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан.

Айта кетейік, күн сайын елордаға шетелден ұшып келген 100-ден аса жолаушы карантин стационарына жатқызылуда. Күні кеше астанаға 789 адам ұшып келіп, ПТР-тест анықтамасы болмағандықтан оның ішінде 150-і карантинге жатқызылған еді. 

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мемлекеттік органдармен бірге коронавирус инфекциясының алдын алу үшін нақты шаралар кешенін жүзеге асыруда:

● Жолаушылар міндетті түрде термометриядан өтуі керек. Ол үшін тепловизорлық смарт-камералар қолданылады. 

● Жолаушылар терминалында тәулік бойы санитарлық-карантиндік бекет бригадалары кезекшілікте жүреді. 

● Ішкі және халықаралық рейстерде ұшу және қону аумағытарында жолаушыларға арналған санитайзерлер орнатылған. 

● Жолаушыларды тіркеу, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аумағында 1,5 мтерлік әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету тәртібі еденде нақты сызбамен көрсетілген. 

● Әуежайдың ішкі аумағын арнайы дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, санитарлық өңдеу жиілігі артты. Вирусқа қарсы белсенділікке ие антисептик қолданылады. 

● Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келетін әуе кемелерінің бәрі де дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Сонымен қатар тұрақты түрде жолаушыларға қызмет көрсететін техникада дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. 

● Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша әуежай қызметкерлерімен нұсқаулық жүргізіледі.