11 қаз, 2016 сағат 20:02

Елорданы өнерімен де, өнімімен де тәнті етті

Ерке Есілдің жағасында бой түзеген әсем шаһар Астана 8-9 қазан күндері сонау кәрі Алтайдан ат арытып жеткен шығысқазақстандықтарды құшақ жая қарсы алды. Елорданың төрінде облысымыздың Тәуелсіздіктің 25 жылында қол жеткізген экономикалық, мәдени, әдеби һәм әлеуметтік жетістіктеріміз паш етіліп, екі күн қатарынан Сарыарқаның төсінде ән мен жырдан шашу шашылды. 

Қазан мен қарашада қабағы бір ашылмай, суық ызғарлы желімен ығыр қылатын табиғаты да бұл күндері үйреншікті әдетінен жаңылып, қоңыр күздің соңғы шуағын мейірлене төкті. Алтын күздің шұғыласына малынған мамыражай бір шақта облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен өткен Шығыс Қазақстан облысының күндері елордалықтарға ең алдымен рухани мол азық сыйлағаны сөзсіз. 

«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясының аясында, ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырына арналған Шығыс Қазақстан облысы күндерінің әлқиссасы Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастап келген делегация өкілдерінің қатысуымен өткен брифингтен басталғанын газетіміздің бұдан бұрынғы нөмірінде жазғанбыз. 

 

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар...»

Астаналықтар мен қала қонақтарына Шығыс Қазақстанды экономикасы мен мәдениеті қатар дамыған нағыз толыққанды өңір ретінде танытқан «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 25 жылы» атты кең ауқымды экспозициясы болды. «Көрме» орталығының залдарына қарапайым киізден басылған аяқ киімдерден бастап, ірі машинақұрылысы өндірісінің, ядролық технологиялар паркінің өнімдері, Берел қорғаны, Шілікті жазығынан табылған артефактілер, Қырықүңгір және Елеке сазы ескерткіштері қойылған.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ өңіріміздің жетістіктерін Астана қаласының әкімі Әсет ИСЕКЕШЕВКЕ таныстырды. Көрмені аралай жүріп, көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Біздерде мынадай бар, мынадай бар...» деп мақтанған кейіпкеріндей күй кешкен жайымыз бар.

Мысалы, семейлік «Роза-киіз комбинаты» ЖШС ұжымы пима, киізден басылған угги етіктерін шығарумен айналысады екен. Қызметтеріне кіріскен жылдар ішінде олардың өнімдері тек елімізде ғана емес, шетел нарығында да сұранысқа ие болып үлгерген. Серіктестіктің коммерциялық директоры Альбина Ахметова өнімділіктерін арттыру үшін құрал-жабдықтарын жаңартқандарын айтады.

- Екі неміс және бір үнді жабдығына қол жеткізген едік, нәтижесінде кез келген мөлшерлі аяқ киім баса аламыз. Угги етігі 4500 теңге тұрады. Қалың бұқараға қолжетімді болуын ескеріп, үстіне көп ақша қоспаймыз, - дейді кәсіпкер.

Семейдің тағы бір кәсіпорны -«Терра Вита» серіктестігінің өкілдері де өз мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға тырысты. Ашылғанына он жылға жуықтаған компания негізінен денсаулық сақтау мекемелерін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бүгін олар «көк тамырды іздейтін», Қазақстанда баламасы жоқ құралды көрсетті. Бұл прибор әсіресе тамыры жіңішке, әлсіз жандардың тамырына ине салғанда таптырмайтын құрал. «Ақылды» аспап жасырынып қалған кез келген тамырды тауып алады. Дегенмен серіктестіктің басты жетістігі – Түркия мен Еуропа елдерінде ғана пайдаланылатын робот-медбике.

«Терра Вита» ЖШС-нің директоры Насихат Исабаеваның айтуынша, бұл төсек тартып жатқан науқастарды күтуде теңдесі жоқ көмекші. Орналастырылған бағдарламасына сай, робот-медбике науқасты бойында жаны бар медбикеден артық күтеді. Бұл «үндемейтін» медбике жансақтау бөлімдеріне өте қажет. Осыны ескерген облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ орынбасары Жақсылық Омарға идеяны жан-жақты зерттеп, бағдарлама жасап, өз ұсыныстарын айтуға тапсырма берді.


«Экспо» қонақтары біздің көліктермен жүреді

Шығыс Қазақстан машина жасау саласында көш басында тұрғаны белгілі. Көрменің көрнекті жерінен «Азия Авто» АҚ шығаратын такси көліктерінің қатары орын теуіпті. Акционерлік қоғамның Астанадағы филиалының аға менеджері Виктор Степаненко өздерінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қосатын үлестерімен таныстырды.

- Көліктердің барлығы GPS навигаторымен, планшетпен, балалар орындығымен жабдықталған. Бұл қала қонақтарының діттеген жерлеріне адаспай, қолайлы жағдайда жетулеріне кепіл болады. Сонымен қатар заманауи көліктерге тән климат-бақылау, алдыңғы орындықтарды жылыту, қауіпсіздік жастықшасы сияқты барлық опцийлермен қамтамасыз етілген, - деді аға менеджер.

Қонақтарға «DaewooBusKazakhstan», «Казцинк» ЖШС, «СемАЗ», «ҮМЗ», «ТМК» акционерлік қоғамдарының өнімдері назарға ұсынылды. Сөз арасында облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ мектептерге арнап 17 дана «Daewoo» маркалы автобус сатып алынғанын ескертті.

- Қазақстандық автопром әлемдік стандарттарға сай емес, «екінші» сұрыпты көлік шығарады деген жаңсақ пікір қалыптасқан, – деді Даниал АХМЕТОВ. – Біз экономикамызды инновациялық бағытқа жетелейтін бес ірі ғылыми-зерттеу жобасын қолға алдық. Германиялық әріптестерімізбен магнитті-резонансты томографтың негізін құрайтын жоғары желілерді шығаруды ойластырудамыз. Бізге МРТ құралдарын шығаратын Philips, Mitsubishi фирмаларымен бәсекелесіп керегі жоқ. Бірақ біз оларға қажетті қосымша материалды ұсына аламыз. Біз қазір жалпылама ұстанған нормаларға сай өнімдер шығарудамыз. Алайда отандық құрастырушылардың алдында тұрған бүгінгі мақсат басқа – олар дайын өнімдерді емес, еуропалық әріптестеріміз сатып алатын жартылай шикізаттарды (полуфабрикаттарды) шығаруға тиіс. Біз осылайша жетекші әлемдік компаниялардың технологиялық өндірісінің қатарына ілігіп кетеміз. Өзіміздің әлемдік экономикадағы орнымызды нақты шамалай білуіміз қажет. Мысалы, стоматологияда әр адамға таныс титан штифтерді, қимыл-тірек аппараттары бұзылған жандарды емдеуге қажетті механизмдерді шығарып, сату –әлемдік нарықтағы өз орнымызды табуға берілген мүмкіндік.

Аймақ басшысының ерекше мақтаныш сезімін тудырған Зайсан ауданындағы көне қорғандардан табылған зергерлік бұйымдар болды. Мамандардың айтуынша, тас обалардан б.з.д жетінші ғасырдың екі мыңға жуық әртүрлі асыл заттары шыққан. Сақ-ғұн дәуірлеріне жататын әшекей заттар 970 проба алтыннан, микропайка тәсілімен соғылыпты.

-Біз Еуропа елдері, Қытайда ғана керемет шеберлер болған деп санаймыз. Қараңыздаршы, бабаларымыз біздің заманымызға дейін микропайка әдісін меңгеріп, осыншама тамаша зергерлік бұйымдарды әзірлей білген! Не деген сапа, неткен шеберлік десеңші!- деді облыс әкімі эмоциясын жасыра алмай. 


Қараталдың құлпынайын жәшік-жәшігімен талап әкетті

8-9 қазанда «Хан шатыр» сауда орталығының алдында ұйымдастырылған шығысқазақстандық фермерлердің «Қазақстанда жасалған» ауылшаруашылық жәрмеңкесі де астаналықтардың есінде көпке дейін сақталатын шығар. Осы күні елордалықтардың қолынан жәшік-жәшік қып-қызыл құлпынайды көргенде, өзіміз де тамсандық. Бұл Зайсан ауданы Қаратал ауылы кәсіпкерлерінің өнімі екен. Саудалары қызу жүріп жатқан сатушылардың бізбен тілдесуге де мұршалары болмады. Бізді кезексіз өтіп бара жатқан «көлденең көк атты» деп ойласа керек, шеректе тұрғандар да жолатпады. «Тіпті маусым айында да келісі 600 теңгеден құлпынай көргем жоқ» деп қояды немересіне жидек алып жатқан Алтын әжей.

Астаналықтар әсіресе Шығыстың балы мен ет өнімдеріне қатты қызықты. Килограмы 50 теңгеден саудаланған картоп, пияз, қырыққабатты да қап-қабымен әкетіп жатты. Өзін Ермек деп таныстырған азамат отбасының үлкен екенін айтты.

-Өте тамаша сауда болды. Аға-інілерім де осында тұрады. Бәріміздің жанұямыздың мүшелерін қоссақ.., қазақ санамайды ғой, - деп күледі. -Көлікпен тасып жатырмыз, өнімдерді қабымен алдық қой. 

-Жәрмеңкеге 500 тоннадан астам ауылшаруашылығы өнімдерін жеткіздік. О баста 300 тонна дегенмен, барлық аудандар жақсы дайындықпен келіпті. 50 тонна ет өнімдерін, балымызды, Семейдің консерві зауытының, «Эмиль» сауда орталығының өнімдерін пышақ үстінен бөліп әкетті. Өйткені өте сапалы, экологиялық таза әрі базар бағасынан әлдеқайда төмен бағамен саудаланды. Ең алдымен, осы шараның тамаша өтуіне үлестерін қосқан Астана қаласы әкімдігіне алғысымды білдіремін. Биыл дәнді дақыл, майлы дақыл өнімдері де бітік шықты. Мал азығын да артығымен әзірлеп алдық. Барлық көрсеткіштер жақсы, жиынтық көрсеткіш жылдағыдан он пайыз артық болады, бұл Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына тартуымыз, - деді облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин. Әкімнің орынбасары мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде Шығыстың ауылшаруашылықпен айналысатын кәсіпкерлері биыл 12 млрд. теңге субсидия алғанын айтты.

Әміре Қашаубаев атындағы облыстық мемлекеттік филармонияның «Шығыстың шұғыласы» атты екі күнге созылған концерті көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен тамаша демалыс сыйлады. Ал Жарма ауданы киіз үй тігіп, келушілерді күтіп алды.


Дулатқа ескерткіш қоятын кез жетті

Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Тәуелсіздік белестері: Шығыс Қазақстан» атты кітап көрмесіне Өскемендегі А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы мен Семейдегі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы ұйытқы болды. 

Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жиналған қауымға өңірде мәдениет саласында атқарылып жатқан игі істер жөнінде баяндады.

-Былтыр Шығыс Қазақстанның энциклопедиясын шығардық. Елу автордың кітабын жарыққа шығаруға көмектестік. Биыл «Алтай - түркі әлемінің алтын бесігі» атты үлкен халықаралық конференция ұйымдастырдық. Оның мақсаты - облыс әкімі бөлген 100 млн. теңгеге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу болатын, шетелден ғалымдар шақырылды, алғашқы нәтижелерін көріп жатырмыз. Ескі қорымдардан шыққан көне заманғы жәдігерлер бүгін астаналықтардың назарына ұсынылды, - деді облыс әкімінің орынбасары. - Мәдениет саласына келсек, мәдениет үйлері, аудандық мұражайлар ашылып жатыр, қазір тоғыз аудандық мұражай жұмыс істейді. Осы шаралардың барлығы облыстағы әдебиет пен мәдениетке деген оң көзқарасты көрсетеді. 

Жақсылық Омар қасиетті Абай жеріне барсаңыз, бір сыныптан жоқ дегенде 2-3 ақын бала шығатынын, бұл киелі топырақтың құдіреті екенін жеткізді. Облыста жастар театрларының Рүстем Есдәулетов атындағы алғашқы фестивалі өтті жақында. Әсеттің әндерінің фестивалі де тұсауын Шығыста кесті. Өңірде ашылған жастар театрында жан-жақтан оқып келген 22 жас артист жұмыс істеп жатыр.

-Кітап ізгі құндылықтардың бірі болып саналады. Біздің облыстық А.Пушкин кітапханасына күн сайын 370 адам келеді. Заман өзгергенмен кітапқа деген құмарлық жойылмайды деп сенемін. Талай кітаптың тұсауын кескенбіз сол қара шаңырақта. «Шығыс жұлдыздары» деген екі томдық кітап шығарғанбыз. Енді үшінші томына кіріспекпіз, - деген Жақсылық Омар Ұлттық кітапханаға сый-кәдесін тапсырды.

Кездесуге арнайы келген сазгер, күйші Секен Тұрысбеков, ақын Несіпбек Айтов облыс басшылығына ақын өтініштерін де жеткізді.

- «Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар» деген еді Абай атамыз. Осы кемеңгер Абайдың Дулат деген ұстазы болған. Сол кісіге Шығыс өңірінде бір ескерткіш ашатын уақыт келді. Дулатқа әлі күнге бір белгінің қойылмауы үлкен сын,- деген ойын бүкпесіз айтты Секен Тұрысбеков. Белгілі сазгердің сөзін құптаған жазушы Несіпбек Айтов осы істі Жақсылық Омардың өзіне жүктеді.

- Өнердің, мәдениеттің қадірін бір кісідей түсінетін зерделі азамат екеніңді білеміз. Ендеше осы шараны өзіңе тапсырдық, - деді зиялы қауым өкілдері.

Бұдан соң облыстың кітапханашылары астаналықтарға теңдесі жоқ екі жоба ұсынды. Бірі - «Біздің Абай» толықмәтінді электронды кітапханасы, екіншісі – «Қайым Мұхаметханов» электронды библиографиялық нұсқаулығы. 

Ұлттық мұражайда қылқалам өнерінің табынушылары шығысқазақстандық суретшілердің «Уақыт портретіне штрихтер» көрмесімен, «Үлкен жолдың кезеңі» фотоэкспозициясының жұмыстарымен танысты. 

Ал театр өнерінің жанкүйерлері Абай атындағы театр артистерінің Ф.Достоевскийдің повесі желісімен сахналаған «Дядюшкин сон» қойылымын және облыстық драма театрдың «Жұлдызды сәт» спектаклін тамашалады.

Шығысқазақстандықтар Елордадан кейін Петропавл қаласына жол тартты.


Айна Ескенқызы, "Дидар" газеті