Елорданы газбен қамту үшін 9 іске қосу кешенін орнату қажет. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 11 мердігер жыл басынан бері соттасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық әкімдікте өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов осындай мәлімет айтты.
«Елорданы газдандыру жұмысы үш кезеңге бөлінген. Қазір бірінші кезеңге белгіленген жұмыстар жүріп жатыр. Оған қаланың ішінде 9 іске қосу кешенін салу жобасы да кіреді. Ал «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қызылордадан ұзындығы 1200 шақырым болатын құбыр тартып жатыр. Олар құбырды елордаға дейін жеткізіп береді. Ішкі желілерді біз салуымыз қажет. Осы желі тарту ісі бойынша бір проблема бар. Қаңтар айынан бері мердігер ұйымды анықтау мүмкін болмай отыр. Барлық құжаттарын мемлекеттік сараптамадан өткізіп, мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс жариялағанбыз. Бұл жобаны іске асыруға 11 компания ниетті. Қазір солар өзара соттасып жатыр. Конкурстың нәтижесімен келіспей, қайта-қайта соттасуда. Осының кесірінен жоба кешеуілдеп жатыр. Кестеден жарты жылға кешігіп келеміз деуге болады», - деген басқарма басшысы жыл аяғына дейін Көктал ауданында көгілдір отын беріледі деген мәлімет айтты.
«Жалпы газдардыру жұмысы 2019-2021 жылдарға межеленген. Дегенмен, жыл аяғына дейін Көктал ауданында көгілдір отын беріледі деген жоспар бар», - деді ол.