Астана халқын табиғи газбен қамту жұмысы былтыр басталды. Дегенмен бүгін Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты қоғамдық кеңесінің отырысында белгілі болғандай, газдандыру жұмысы баяулаған және тұрғындар тарапынан шағым аз емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының қоғамдық кеңес мүшесі Бауыржан Смаилов елорданы газдандыру жұмысының барысын сынға алды.
«Газдандыру жұмысына қатысты халық тарапынан шағым көп. Әсіресе күн суи бастаған мезгілде. Газ тартуға жауапты «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы үлгермей жатыр. Бүгінде қала бойынша сервистік қызметті бір ғана бригада атқарып жатыр. Бүкіл халық үшін бір ғана сервистік қызмет, оның санын неге көбейтпейді? Басқарма қайда қарап отыр?», - деді жиында Б. Смаилов.
Аталған мәселеге қатысты қалалық отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Рүстем Закарин пікір білдірді.
«Соңғы 3-4 ай ішінде 1 мыңнан астам үйге газ тартылды. Газ тарту бойынша келіп түсіп жатқан өтініштің саны күн санап артып жатыр. Және елорданы газдандырумен «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы емес, «Интергаз Орта Азия» деген компания айналысады. Газды үйге дейін жеткізу - солардың міндеті. Сіз айтқан мәселе бойынша біз бүгінде аталған компанияның басшылығына мамандар санын арттыру туралы арнайы хат жолдадық. Яғни, жұмыс өнімді болуы үшін. Сіз айтқан «ҚазТрансГаз Аймақ» - жеке компания, әкімдікке бағынбайды. Сервистік қызметті де көбіне жеке ұйымдар жүргізеді. Мемлекет, әкімдік жеке компаниялардың ішкі жұмысына араласа алмайды. Дегенмен біз аудандық әкімдіктермен бірлесіп, бұл мәселені шешу жағын қарастырып жатырмыз. Өз жұмысын жоспарға сай атқарып жатқан компаниялар бар, керісінше жұмысы ақсап жатқан мекемелер де бар», - дейді Р. Закарин.