Полицияға 25 жастағы қала тұрғынынан досы іРhone 12 Pro маркалы смартфонын сұрап алып, қашып кеткені туралы арыз түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында астаналық полиция қызметкерлері ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған 22 жастағы Алматы қаласының тұрғынын ұстады.
«Тергеу барысында жігіттер елордалық дәмханаға бірге барғаны анықталды. Біраз уақыттан кейін күдікті досынан төлем жасаймын деген сылтаумен ұялы телефонын сұрайды. Телефонды алған ол дәмханадан дереу шығып, қашып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 540 мың теңгені құрайды», - делінген полиция департаменті таратқан хабарламада.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің алаяқтық істерге негізделген 190-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.