Елордалық моушн-дизайнер Алмаз Дүйсебаев Instagram әлеуметтік желісінде өзінің кезекті туындысы – «Алжир» мұражайының жәдігерлеріне жан бітірген қысқа видеосын бөлісті.
Алмаз Дүйсебаев мұражай жәдігерлерін смартфонына видеоға түсіріп, анимация мен арнайы эффектілерге арналған графикалық бағдарлама арқылы пішіндерді қозғалысқа келтірген.
Кадрларда тұтқын әйелдердің лагердегі өмірі көрсетілген.
Біреу тігін машинасымен жұмыс істеп отырса, тағы біреу салқын камерада нәрестесін жылытып әлек, қалғандары балаларының жазған хатын оқып отыр.
«Жаусыз жандар жүргізген кімге заңын,
Бақыт жайлы мен қалай жыр жазамын.
Айту қиын жыламай «Алжир» атты
Әйелдерге арналған түрме азабын», - деген Қанипа Бұғыбаеваның жыр жолдары берілген видеода.
«АЛЖИР» мемориалдық кешені тоталитаризм кезіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына естелік ретінде Ақмола облысында тұрғызылған.
Бұл жерде 1937-1939 жылдар аралығында қуғын-сүргінге ұшыраған Кеңес одағының шет-шетінен жиналған жазықсыз 18 мың әйел мен балалардың естелігі жатыр.
Айта кету керек, Алмаз Дүйсебаевтың барлық жобаларын қоғам жылы қабылдап, жақсы пікір айтқан.
