09 шіл, 2021 сағат 20:33

Елордалық бар карантинді қайта-қайта бұзып, қонақтарға қорқор ұсынған


Өткен тәулікте, яғни 8 шілде күні елорданың мониторинг топтары кәсіпкерлік нысандары арасынан 6 карантин бұзушыны анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Қаланың кейбір мекемелері шектеу шараларын елемей, бетперде тағу, белгіленген жұмыс режимі секілді талаптарды жүйелі түрде бұзып келеді.

Есіл ауданында орналасқан «Мята» лаундж-барында келушілерге қорқор шегу қызметі ұсынылды. Бұл мекеме бұған дейін де бірнеше рет шектеуді сақтамаған. Сонымен қатар, мекемеде жұмыс режимі мен әлеуметтік қашық сақталмаған, тексеру кезінде барда шамамен 25 адам болды. 

Белгіленген уақыттан кейін «Тағам» асханасы да жұмыс істеді. Сонымен қатар қызметкерлер маска режимін сақтамаған. 

Карантин бұзғандар «Aura Club Alanya» түнгі клубында да анықталды.

Жұмыс режимін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке Байқоңыр ауданындағы «Панаехали» бары, «XALVA» мейрамханасы және Сарыарқа ауданындағы «Голкипер» рестобары тартылды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, қалада эпидемиологиялық ахуал әлі де құбылмалы. КВИ инфекциясын жұқтырғандар саны артып келеді. 

Қала тұрғындары мен қонақтары, кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормалар мен шектеу шараларын қатаң сақтауы тиіс.