Елордада 11-12 қыркүйекте «Хан Шатыр» сауда орталығының жанында Алматы және Қызылорда облыстары тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Жәрмеңке сенбі және жексенбі күндері сағат 8:00-ден 17:00-ге дейін істейді.
Аталған өңірлер 850 тоннадан астам өнім әкеледі. Ет, сүт, балық, көкөніс өнімдерінен тұратын ассортимент нарық құнынан арзан бағада сатылады.
Алматы облысының атынан Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларының, сондай-ақ 17 ауданының тауар өндірушілері қатысады. Олар 54,1 тонна ет өнімін, 26 тонна сүт өнімін, 103,6 тонна көкөніс өнімін, 3,8 тонна балық өнімін, 45,3 тонна жеміс-жидек, 39 тонна картоп және 237,5 тонна өзге де өнім (кондитерлік өнімдер, консервілер және т.б.) сатады.
Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 140 тонна күріш, 20 тонна балық және балық өнімдерін, сондай-ақ 150 тонна бақша дақылдарын, 40 тонна асқабақ, 40 тонна көкөніс пен жеміс, 3 тонна ас тұзы, 5 тонна сүт және кондитерлік өнімдер сатады.
Естеріңізге сала кетейік, жәрмеңкеге барған кезде санитарлық нормалар толықтай сақталуы қажет – бетперде тағу, қолды дезинфекциялау, әлеуметтік қашықтық туралы ұмытпау керек.