Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Көне түркі өркениеті» залы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ашылу рәсіміне Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия елшіліктерінің өкілдері қатысты.
Көрмені ұйымдастырудағы мақсат – Еуразияның далалық аумағында империялық дәрежеге жеткен Көне түркі өркениетінің мәдени және рухани мұраларын бүгінгі түркі халықтарының мызғымас мұрасы ретінде насихаттау, сақтау.
«Бүгін біз үшін елеулі оқиға. Елбасы - Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи еңбегі аясында көне түркі мәдениетін дамытуға көңіл бөлінгенін бәріміз жақсы білеміз. 2-3 жыл ішінде көп жұмыс істелді. Бұл көрме - Ұлттық музейге, Қазақстанға ғана емес, түркі халқына ортақ дүние», - дейді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.
«Көне түркі өркениеті» залы Ұлы дала төсінде империялық дәрежеге жеткен ортағасырлық түріктердің материалдық, рухани мәдениет құндылықтарына арналған. Түріктердің ресми тарихы көп жағдайда б.д. VI ғасырынан, яғни Түрік қағанатының құрылуынан басталады. Түрік өркениетінің алтын бесігі Алтайдан бастау алып Орталық Азияның далалық аймағына, Еуразияның солтүстігі мен батыс өңіріне қарай кеңейе түскен.
Зал экспозициясы үш бөліктен тұрады. Алғашқысы түріктердің жазба мәдениетіне арналады. Ежелгі түрік руникалық жазулары автохтонды мәдениеттің дәлме-дәл үлгісі. Олар Орталық Азия, Сібір және Моңғолия мен Қазақстан аумақтарында болған тарихи оқиғаларды нақты баяндайтын алғашқы тасқа қашалып қалдырылған айнымас дәлелдер.
Келесі экспозиция тас мүсіндерге арналады. Ежелгі түріктердің мәдени және ғұрыптық кешендерінің негізгі құрамдас бөлігі. Ол Еуразия даласының Ұлы белдеуіндегі түрік халықтарының жерлеу мен еске алу және діни-идеологиялық қағидаларымен тығыз байланысты. Осылайша экспозицияның бұл бөлігі ежелгі түріктердің дүниетанымдық көрсеткіштеріне негізделген.
Зал экспозициясының үшінші бөлігі ортағасырлық түрік дәуірі ескерткіштерінен анықталған ат-әбзелдері мен қару-жарақтары және материалдық мәдениет көрсеткіштері топтастырылған.