12 шіл, 2021 сағат 17:56

Елордадағы мектеп мұғалімдерінің 85%-ы вакцина алды


Қазіргі уақытта мектеп мұғалімдерінің 85%-ы вакцинацияланды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қыркүйек айында мектептерді қалыпты оқыту форматына көшіру үшін мұғалімдерді де, өзге де мектеп қызметкерлерін вакцинациялау қажет. Бұл денсаулықты қорғауға, инфекцияны тоқтатуға және коронавирустың жаппай таралуын шектеуге көмектеседі. Қазіргі уақытта мектеп мұғалімдерінің 85%-ы вакцинацияланды. Мысалы, №3, №7, №13, №21, №33, №34, №39, №46, № 81 мектеп-гимназиялары 100% иммундаудан өтті. Педагогтардың барынша жауапкершілік танытқаны қуантады. Дегенмен, бірқатар оқу орнында вакцинацияланғандар пайызы әлі де төмен. Мұғалімдермен (мектептер/колледждер) онлайн режимде жаңа оқу жылына дайындық мәселелері талқыланды», - деді әкім. 

Сонымен қатар әкім соңғы күндері қалада инфекция жұқтырғандар санының өскені туралы жазды.

«Соңғы күндері қаламызда инфекция жұқтырғандар саны артуда. Қосымша жұқпалы аурулар стационарларын ашып жатырмыз. Тәулік сайын 300-ге жуық науқас ауруханаға жатқызылады. Дәрігерлер атап өткендей инфекция жұқтырғандар қатары коронавирустың жаңа штаммының пайда болуына, яғни «Дельта штаммына» (үнді штаммы деген атаумен белгілі) байланысты болып отыр. Бұл — коронавирустың аса қауіпті түрі, жылдам таралып, тез жұғады.

Қалада 100 вакцинациялау пункті жұмыс істейді, сондай-ақ егу орындары СОО-ларда, СҮ-лерде және т.б. орындарда бар. Қазір 286 мыңға жуық адам вакцинацияланды. Соңғы апталарда вакцина алғысы келетіндер саны 7 есеге дейін өсті. Бұл бізді қатты қуантады. Өз денсаулығыңызды және айналаңыздағы адамдардың денсаулығын қорғау үшін вакцина алу қажет. Осылайша ұжымдық иммунитет қалыптасады. Вакцинация — қорғанудың жалғыз жолы», - деп толықтырды әкім.