Нұр-Сұлтан қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Бақыт Бектемісова елордадағы сайлау учаскелері туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жоғарғы өкілеттік органды сайлау – еліміздегі елеулі қоғамдық-саяси оқиға. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында мәслихаттар депутаттарын кезекті сайлауды тағайындау Орталық сайлау комиссиясының құзыретіне жатқызылған.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы 21 қазандағы № 29/334 қаулысымен Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалды», - деп еске салды Бақыт Бектемісова.
Оның сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласында 354 сайлау учаскесі бар: 5 аумақтық және 349 учаскелік. Олардың ішінде 66 учаскелік сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының шет елдердегі өкілдіктерінің жанында.
«Жыл басынан бері жаңадан 50 сайлау учаскесі құрылды. Қазіргі жағдай бойынша Нұр-Сұлтан қаласы бойынша барлығы 3322 комиссия мүшесі бар, олардың ішінде 35-і аумақтық және 3287-сі учаскелік», - деді Б. Бектемісова.