Елордада жекеменшік балабақша саны артып келеді. Бұл туралы педагогика қызметкерлерінің тамыз кеңесінде елорда әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қашықтан оқытуға байланысты мұғалімдерге жүктеменің артатындығы белгілі. Бұған қоса, сіздерге үлкен жауапкершілік те жүктеледі. Білім сапасының ұстазға байланысты екендігін жақсы түсінеді. Әрбір сабақ ашық сабақ сияқты тиянақты дайындықты талап етеді. Ең алдымен мекемелер және өсіп келе жатқан халық саны арасындағы теңгерім стратегиялық мақсат болып қала береді. Әсіресе бұл ірі қалаларға және елордамызға қатысты жайт», - деді елорда әкімі.
Осы ретте балабақшалардың мәселесіне тоқталған оның дерегінше, өткен жылы елордада мектепке дейінгі ұйым желісінде 377 жекеменшік балабақша болған. Ал биыл олардың саны 435 ұйымға жетіп отыр.
«Жаңа 58 жекеменшік балабақша ашылды және жекеменшік мектепке дейінгі балалар ұйымдарын дамытуға жәрдем беруді жалғастырамыз. Мелекеттік тапсырыспен балаларды қамту көрсеткіші 25 пайызға артып, 18 мыңнан 24 мыңға жетті. Егер біз өткен жылы 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлсек, биыл 6 млрд 600 млн бөліп отырмыз. Бұл мектеп жасына дейінгі балалардың 99 пайызын қамтуға мүмкіндік береді», - деді Алтай Көлгінов.