Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов астанада карантин режимі енгізілгеннен бері КВИ бойынша жағдайдың тұрақталғанын мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қатаң карантин енгізу нәтижесінде қазіргі күні жағдайдың тұрақтанғаны байқалады. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 8 619 адамды құрады. 5511 адам немесе 64 пайызы емделіп шықты. Өкінішке қарай, 212 адам қайтыс болды. 262 адам стационарда ем алып жатыр. Ауыр халдегі науқастардың саны 30 пайызға азайды. Инфекциялық және стационарлық провизорларда төсек-орын саны артты», - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысында.
Елорда әкімінің айтуынша, қалада осы уақытқа дейін 260 мыңнан астам ПТР-тест жасалған.
«Жедел жәрдем стансасының базасында науқастардың ағымын біркелкі бөлу үшін ахуал орталығы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жедел жәрдем бригадаларының саны 110-нан 160-қа дейін артты. Сонымен қатар медициналық колледждерден 275 жас маман емханаларға жұмысқа орналастырылды. Медициналық университеттен 300 студент жұмылдырылды», - деді ол.
Алтай Көлгіновтың сөзінше, карантин режимі енгізілгеннен бері КВИ жағдайының тұрақталуы байқалады. Жедел жәрдемге жүгіну саны тәулігіне 4300-ден 2 мыңға дейін төмендеді. Шақыру саны тәулігіне 3 мыңнан 1400-ге азайды.