Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында жаяу жүргіншілердің кінәсінен 64 жол-көлік оқиғасы орын алған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елорда полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғаларының талдауына сәйкес, биылғы жылдың 9 айында елордада 285жол апаты тіркелген. 9 адам қайтыс болған, 56 адам түрлі дене жарақатын алған. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен 64 жол апаты болған.
Әкімшілік полиция қызметкерлерінің айтуынша, жол-көлік оқиғасына көбінесе жаяу жүргіншілердің жүгенсіздігі, жол ережесін білмеуі себеп болған. Негізінен жаяу жүргіншілер белгіленбеген жерден және бағдаршамның қызыл шамы жанғанда жолдан өткен.
Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБК 615-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Өз кінәсін мойындап, жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге қатысты 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарынан жол қозғалысы ережелерін және барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды.