07 шіл, 2021 сағат 17:52

Елордада жасөспірімдер аспалы көпірге шығып күнге қыздырынған


Мерекелік демалыс күндері елорданың «Қараөткел» көпірінде құтқарушылар оқыс жағдайға тап болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оқиғаның мән-жайын Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі былай деп баяндайды. 

«Елордада демалыс күндері аптап ыстық болғаны белгілі. Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері бұл күндері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Тек осы демалыс күндері құтқарушылар судан екі адамды және Қараөткел көпірінде үш жасөспірімді құтқарды», - деп жазылған ресми мәліметте. 

5 шілде күні әуелі өзеннің арғы бетіне өтпек болған мас әйел құтқарылған. Ал 6 шілдеде құтқарушылар өзенге батып бара жатқан адамды байқап, үрленген шеңбер арқылы жас жігітті қауіптен арашалап қалған. 

«Тағы бір ерекше оқиға 5 шілдеде болды. Келіп түскен хабарлама бойынша құтқарушылар шақыру орнына 4 минутта жеткен. «Қараөткел» көпірінің «доғасына» шығып алып, күнге қыздырынып жатқан жастарды құтқару үшін альпинист құрал-жабдығын пайдалануға тура келді. Осылайша екі күнде бес адам құтқарылды», - деп жазады дапертаменттің баспасөз қызметі. 

Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға су қоймаларында болған кезде мынадай сақтық шараларын сақтау керектігін ескертеді. 

- мас күйде шомылмау, 

- қайық, катер, айлақтардан суға секірмеу; 

- тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгімеу; 

- жүзу шекарасын белгілейтін белгіден аспау, 

- жүзуге арналмаған заттармен жүзбеу; 

- балаларды ересектердің қарауынсыз суға жібермеу.