25 жел, 2020 сағат 09:56

Елордада жаңажылдық корпоративтерді өткізуге тыйым салынды

Жаңажылдық салтанатты жиындарды өткізуге тыйым салынды. Бұл туралы елорданың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева брифингте айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, мейрамханаларда, дәмханаларда, барларда, асханаларда үлкен кезектер туындауына жол бермеуді ескеріп, жұмыс және демалыс күндері қызмет кестесі сағат 7:00-ден сағат 00:00-ге дейін белгіленіп отыр. Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шаралардың сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метрәлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек. 

Бұл қаулы тұрғын үйлерде орналасқан нысандарға қатысты емес. Олардың жұмыс уақыты - сағат 22:00-ге дейін. 

«Тамақты үйлерге жеткізіп беру тәртібі шататтық режимде жалғасады», - деп нақтылады Жанна Пірәлиева. 

Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде салтанатты жиындарды, банкеттерді, үйлену тойларын, мерейтойларды өткізуге тыйым салынды. Карантин және шектеу шаралары бұзылған жағдайда нысандар қызметі тоқтатылады.