Нұр-Сұлтанда белгілі балуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке арналған ескерткіш ашылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ескерткіш спортшы құрметіне Жекпе-жек сарайы аумағында, яғни Қабанбай батыр даңғылы мен Керей, Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында орналасқан.
Ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, бокстан Олимпиада ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусінов арнайы қатысты.
Айта кетейік, жекпе-жек сарайы 2019 жылдың 6 шілдесінде ашылған. Бес мың көрерменге арналған спорт ғимаратында бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика және басқа да олимпиадалық, сондай-ақ Олимпиадаға кірмейтін спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстар өткізуге болады. 2020 жылдың желтоқсанында оған Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген.
Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров - спорт шебері (1971), Халықаралық дәрежедегі спорт шебері (1975), КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері (1980), алтын медаль иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980), Әлем чемпионы (1981), әлем кубогының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы (1975, 1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
«Құрмет белгісі» орденінің иегері.