Елордада вакцина алмағандар арасында КВИ-мен ауырғандар үлесі өте жоғары. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әдеттегідей, COVID-19-ға барлық жастағы адамдар, әсіресе қарттар бейім келеді. Қалада ересек адамдар арасында ауруға шалдыққандар үлесі 79,7 пайызды құрайды», - деді ол қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, елордада коорнавируспен ауырғандардың 27,8 пайызы - 40-59 жас, 20,3 пайызы - 30-39 жас және 20,1 пайызы - 18-29 жас аралығындағы адамдар. Сонымен қатар ауырғандардың 11,5 пайызының жасы 60-тан асып кеткен. Ал 14 жасқа дейінгі коронавируспен ауырған балалардың үлесі 22,9 пайызды құрап отыр.
«Осы жылдың 1 ақпанынан халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жүргізіліп жатқанына қарамастан екпе алмағандар арасындағы аурушаңдық өте жоғары және барлық ауырғандардың 97,1 пайызын құрайды. Ал егер 1 желтоқсаннан бастап сараптайтын болсақ, осы кезеңде ауырғандардың 84,7 пайызы немесе ауырған 2 313 адамның 1 959-ы екпе алмаған. Ванкцина алғандар арасындағы аурушаңдық үлесінің өте төмендігі вакцинация тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдейді», - деді Сархат Бейсенова.