08 қыр, 2020 сағат 09:50

Елордада тұмауға қарсы вакцинация басталды

Биыл елордалықтарды тұмауға қарсы вакцинациялау үшін 110 мың доза вакцина сатып алынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Басқарма мәліметінше, тұмауға қарсы вакцинация жергілікті мекен-жайы бойынша тіркелген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жүргізіледі. Вакцинация созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балаларға; медициналық қызметкерлерге; жүкті әйелдерге (жүктіліктің 2-3 триместрі); жабық мекемелердегі адамдарға (балалар үйі, үй, интернат); мүгедек ересектер мен созылмалы аурулары бар балаларға және 60 жастан асқан қарт адамдарға жүргізіледі. 

«Қазақстанда жыл сайын тұмауға қарсы жаппай иммундау тұмаудың эпидемиялық таралуы мен өлім мен асқынулардың деңгейін төмендету мақсатында жүзеге асырылады. Вакцинация процесінде ағзаға инфекциялық агент бөлшегі енгізіледі. Вакцинадағы инфекциялық агент ауруды тудыруы мүмкін емес, бірақ денені антиденелер шығаруға ынталандыруы мүмкін», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы Фатима Смагулова.