12 қаң, 2022 сағат 16:23

Елордада төтенше жағдай режимін бұзған 200 адам жазаланды


Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай ережесіне бағынбаған 200 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы, елорданың коменданты Ержан Сәденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті қала тұрғындары, елордада ахуал тұрақты. Тәулік ішінде 8 қылмыс тіркелді. 83 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 2 адам жарақат алды. Сол сияқты 464 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 183 - қалада тұру ережесін бұзу бойынша, 36 - қоғамдық орында ішімдік ішу және көші-қон ережесін бұзу бойынша 18 дерек тіркелді», - деді Ержан Сәденов Facebook парақшасында. 

Оның айтуынша, елорда аумағында 6 блок-бекет орнатылып, тәртіп сақшылары қала қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұр. 

«Төтенше жағдай режимін бұзған 200 адам жауапқа тартылды. Атап айтқанда, 28 тұрғын әкімшілік қамауға алынды», - дейді ол.