03 қыр, 2020 сағат 16:22

Елордада суық суға түсу қаупі туралы айтылды

Күн жылынды деп суық суға түсуге болмайды, су салқын болғандықтан дене тартылып, бұлшықетке, жүрекке зиян тиюі мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бізде суға түсу маусымы 1 маусымда басталып, 1 қыркүйекте аяқталады. Ең алдымен назарларыңызды өздеріңіздің және балаларыңыздың қауіпсіздігіне аударғымыз келеді. Қазіргі кезде түн суық, сондықтан су да салқын - 19 градустан төмен. Күн жылынды деп суық суға түсуге болмайды, су салқын болғандықтан дене тартылып, бұлшықетке, жүрекке зиян тиюі мүмкін. Балаларыңыздың қауіпсіздігіне баса назар аударыңыздар», - дейді Бауыржан Сыздықов қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Оның айтуынша, суға түсуге болатын 23 жердің 3-еуіне ғана рұқсат етілген. Қалған 20 орнының 7-еуі пилоттық жоба ретінде таңдалған.

«Әкімдік осы жерлер бойынша құжат дайындап жатыр, келесі жылы бұл жерлерге суға түсуге болады. Сондай-ақ, Есіл өзеніндетағы екі орын дайындалады деп жоспарлануда. Нәтижесінде елордада суға түсуге болатын орындар 4 000 адамға сыятындай ұлғайтылады», - дейді ол.