16 қар, 2021 сағат 14:41

Елордада Pfizer вакцинасын қанша адам алды?


Елордада Pfizer вакцинасын егу басталған бірінші күнде 339 адам вакцинациядан өтті. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство мәліметінше, екпе алғандардың ішінде 14 жүкті әйел (жүктіліктің 16-36 аптасы), 133 бала емізетін ана және 192 жасөспірім бар.

«Кеше Нұр-Сұлтан осы препаратпен вакциналауға жататын азаматтарға екпе салуды бастады. Алғашқы күні жүкті әйелдер, бала емізетін аналар, жасөспірімдер арасынан екпе алғысы келетіндер көп болды. Оқушылар, студенттер ата-аналарымен бірге келіп, белсенділік танытты. Сонымен қатар, вакцинация қала мектептерінде жақсы жүргізілді. Барлығы медициналық тексеруден өтіп, вакцина алуға дәрігердің рұқсатын алды, әрқайсысына түсініктеме берілді», - деді басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, жасөспірімдер арасында екпе алғандардың 127-сі 16-17 жас аралығындағы бала. 

Естеріңізге сала кетейік, аталған санаттағы адамдарды вакцинациялау тек медициналық ұйымдардың және қалалық мектептердің медициналық пункттерінде жүргізіледі. 

Қала бойынша барлығы 5 мың жүкті әйел, лактация кезеңінде 28 мың әйел және 63 мың бала Pfizer препаратымен вакцинациялануы керек.