25 жел, 2020 сағат 09:21

Елордада оқушыларға арналған Жаңа жылдық шаралар онлайн өтеді

Елордада жаңа жылдық іс-шаралар барлық білім беру ұйымдарында бекітілген жоспарға сәйкес онлайн форматта өтеді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда ата-аналарды білім беру ұйымдарында жаңа жылға арналған мерекелік шаралардың қалай өтетітіні туралы сұрақ мазалайтынын білемін. Жаңа жыл – бұл жай ғана мереке емес, әр бала үшін ғажайыптың белгісі іспеттес. Жаңа жыл қарсаңында білім беру ұйымдарында бұрын шыршалар безендіріліп, әдемі киімдерсіз және тәтті сыйлықтарсыз өткізілмейтін. Алайда карантиндік шектеу шараларына байланысты білім беру ұйымдарында жоғарыда аталған іс-шараларды өткізуге жол берілмейді», - деді Шолпан Қадырова елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша бүгінгі күні мектепке дейінгі ұйымдарда әрбір топта барлық санитарлық талапты сақтай отырып, ата-аналардың қатысуынсыз «Қош келдің, Жаңа жыл» тақырыбында мерекелік сабақтар өткізілуде. Жаңа жылдық сабақтарды өткізу үшін топтар тақырыпқа сәйкес безендірілген. Әр топқа шырша орнатылған. Сабақ сценарийіне сәйкес әр бала мерекелік киіммен қатысады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің және Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан мектеп оқушыларына жаңа жылдық сыйлықтарды табыстау бойынша жұмыстар ұйымдастырылуда.

«ҚР Президентінің атынан жаңа жылдық сыйлық жиынтығы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 200 балаға беріледі. Кеше, яғни 24 желтоқсанда балаларға жаңа жылдық сыйлықтар, яғни - Президенттің құттықтау хаты, кітап және «Орчестра» дүкендерінен киім сатып алуға 100 мың теңгеге сертификат, тәттілер мен үстел ойыны табысталды. Ал 25 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің атынан жаңа жылдық сыйлық жиынтықтары аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасылардан шыққан балаларға, және әр түрлі жетістіктерге жеткен дарынды 450 балаға табысталады. Балаларға жаңа жылдық сыйлықтарды Аяз Ата мен Ақшақар санитарлық нормаларды сақтай отырып, баланың үйіне барып салтанатты түрде табыстайды. Жаңа жылдық іс-шаралар барлық білім беру ұйымдарында бекітілген жоспарға сәйкес онлайн форматта өтеді», - деді ол.