Елордада өкпесі 100% зақымданған науқас жазылып шықты. 20 күн бойы реанимацияда болған Асхат Отызбаев дәрігерлердің арқасында дертінен айығып, бүгін үйіне шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігіне сілтеме жасап.
«Бүгін шығарып жатқан науқасымыз Асхат Отызбаев 25 шілдеде ауруханамызға келіп түсті. Үшінші күні тыныс алуы қиындап, жағдайы нашарлап кетті. Сол кезде тағы компьютер томографиясына түсіріп тексердік, өкпесі 100 пайыз зақымданып кеткен екен. Соған байланысты оны реанимация бөліміне ауыстырдық. 20 күн бойы жансақтау бөлімінде жатып, жағдайы жақсарған соң бүгін үйіне шығарып салдық», - деді №3 Көпбейінді қалалық ауруханасының пульманолог-дәрігері Сапаркүл Бердешова-Әбілдаева.
Дәрігерлердің айтуынша, Асхаттың жағдайының тым нашарлап кетуіне оның вакцина алмағаны себеп болған.
«Себебі, науқастың жасына қарамастан егер ол екпе алса ауру жеңіл өтеді және вакцинацияланғандар арасында жансақтау бөліміне түсетіндер саусақпен санарлық», дейді дәрігерлер.
«Ауруханаға түскен кезде жүре алмайтынмын, тіпті сөйлеуге мұршам болмады. Қазір өзім жүріп-тұрып, сөйлеп отырмын. Дәрігерлерге алғысым шексіз!» - дейді науқас Асхат Отызбаев.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясын жеңудің жалғыз, тиімді жолы – вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті дамыту.