06 там, 2021 сағат 11:36

Елордада көше қиылысында би билеген қызға полиция түсіндіру жұмысын жүргізді


Елордадағы Керей-Жәнібек және Мәңгілік Ел көшелерінің қиылысында би билеп, Іnstagram-да қызу талқыланған бойжеткенмен полиция өкілдері түсіндіру жұмысын жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің баспаөз қызметінің хабарлауынша, «102» арнасына бұл оқиға туралы хабар кешкі сағат 21.03-те түскен. 

«5 тамыз күні сағат 21.03-те «102» арнасына Керей-Жәнібек және Мәңгілік Ел көшелерінің қиылысында бейтаныс қыздың үш сағаттан бері билеп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қыздың кім екенін анықтап, профилактикалық әңгіме жүргізді», - деп жазады департаменттің баспасөз қызметі. 

Іnstagram-дағы видеолардан бойжеткеннің өз әрекетін «ешбір заңға қайшы емес» деп есептейтінін көруге болады. 


Дегенмен полиция бұл жолдағы көлік жүргізушілердің назарын аудару арқылы апат жағдайын туғызуы ықтимал деген ұстанымда. 

«Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін жүргізушілердің назарын аудармау керектігін ескертеді», - деп жазылған ресми мәліметте.