
Елордада желтоқсан айының тоғыз күнінде 558 адам коронавирус жұқтырған.
Бұл туралы Аntikor.live жобасында Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі таңда қаладағы эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде алғанда тұрақты. Дегенмен инфекция жұқтырған науқас саны күн сайын артып келеді. Желтоқсан айында тәулігіне коронавирус жұқтырудың 70 жаңа жағдайы тіркеліп отыр. Инфекциялық стационарларда 174 науқас коронавирустан емделіп жатыр. 18 адам карантиндік стационарда емделуде. Жалпы алғанда 192 адам ем алуда», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Тимур Мұратов.
Оның айтуынша, биыл желтоқсан айының тоғыз күнінде 558 жаңа коронавирус инфекция тіркеліп отыр.
«Пайызбен салыстырып қарасақ, стационарларда коронавируспен ауырып жатқандар саны азайды. Коронавирустың алғашқы толқыны кезінде біраз қиыншылыққа тап болып, науқастарды емдеуге мүмкіндігіміз болмай қалған еді. Екінші толқынға дайындық барысында алдымен амбулаторлық емхана жүйесін қадағалап, олардың жұмысының жаңа алгоритмін жасадық. Барлық емханадағы фильтр кабинеттерінің жұмысын күшейттік», - дейді ол.
