Елорда коронавирус жұқтырған 5 науқастың жағдайы ауыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Елордамызда вирусты жұқтырғандардың саны 222-ге жетті. Оның ішінде 46 пайызы ер, 54 пайызы әйел адамдар және 43 пайызы 30-49 жасқа дейінгі азаматтар, 27 пайызы 18-29 жасқа дейінгілер, 17 пайызы 50-59 жастағылар, 9 пайызы 60-69 аралығындағы азаматтар, 1 пайызы 70 және одан жоғары жастағылар, 3 пайызы 18-ге толмаған балалар»,- деді ол.
Басқарма басшысының дерегінше, жалпы жазылып шыққандардың саны 28 адамға немесе 13 пайызға жетті. Қазіргі уақытта ауруханаларда 493 науқас ем алып жатса, оның 203-і коронавирустан емалу үстінде.
«Оның ішінде 10 науқас - Ақмола облысының тұрғыны. Сонымен қатар 5 науқастың жағдайы ауыр халде. Үшеуі жасанды өкпе желдету аппаратына қосылған. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізіліп жатыр. Басқа науқастардың жағдайы қалыпты. Нұр-Сұлтан қаласында 28 қаңтардан бастап 6 315 адам бақылаудан және емдеуден өтті. Оның 202-сі - 18-ге толмаған балалар», - деді Сәуле Қисықова.