03 қар, 2021 сағат 18:05

Елордада көгілдір отынға 1000-ыншы абонент қосылды


Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үйлерді газдандыру жалғасуда. Бүгін мыңыншы тұтынушының үйіне «көгілдір отын» қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Жыл сайын көмір жағып, үйді жылытатынбыз. Күнде осылай шелек - шелек көмір тасыдық. Енді бізге газ келді. Газ мамандарына мың алғыс. Қазір бұл көмірдің керегі жоқ, – дейді Қызылкөл көшесіндегі үйдің иесі Қанат Бекібаев. 

– Газ көмірге қарағанда әлдеқайда жақсы. Күлді шығарып, үйге отын әкелудің қажеті жоқ. 60 жылдан бері пеш жағып келемін. Енді бұл бейнеттен құтылдық, – дейді Әлима апа ұлының сөзін қостап.

Елорданы газдандыру жобасы бойынша Нұр-Сұлтанда газ тарату желілерінің құрылысы 2023 жылға дейін 3 кезеңге бөлінген. 

Бүгінде жалпы ұзындығы 413,32 км желілерді құрайтын 1-кезеңдегі құрылыстың 8 іске қосу кешені (ҚК) үшін газ құбырлары мен оның бойындағы құрылыстар пайдалануға берілді. ЖЭО-1, 2, 3-ке газ құбырлары тартылды, Теміржолшылар, Өндірістік, Көктал-1 тұрғын алаптарында ГТП орнатылды, Көктал-2, Өндірістік, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс т.а үйлерге газ құбыры тартылды.

Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тапсырысымен Интернационал, Мичурин және Күйгенжар ​​тұрғын алаптарында 2-кезеңдегі желілердің құрылысы жүргізілуде. Жақын арада бұл аймақтарда газды іске қосу жоспарлануда.

- Мұржалар мен желдету құбырының дұрыс жұмыс істеуі - қауіпсіздік пен денсаулықтың кепілі. Өйткені, газдан уланудың ең көп оқиғасы мұржаның тартпауынан болады. Сондықтан мұржалардың талапқа сай болуына газ құрылғыларын пайдаланушылар ерекше мұқият қарау керек, - деген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Дәулет Арықбаев, қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін тағы бір еске салды.

Қазіргі уақытта Филиал тұтынушыларға газбен жабдықтау жүйесіне қосылу үшін техникалық шарттарды берумен айналысуда.