24 жел, 2020 сағат 18:15

Елордада кинотеатрлардың жұмысына рұқсат берілді

Елордада 26 желтоқсаннан бастап қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысымен кинотеатрлардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай жұмыс істеуіне рұқсат берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Орындар санын 30 пайыздан асырмай, көрермендерді екі орын сайын және қатар бойынша шахмат тәртібімен отырғызу арқылы, күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып кинотеатрлардың жұмыс жасауына рұқсат етіледі. Кинотеатрлар жұмыс, демалыс және мереке күндері сағат 10:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Акциялар өткізілмейді. Егер карантин және шектеу шараларын бұзу фактісі анықталса, кинотеатрлардың жұмысы тоқтатылады», - деді қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиева. 

Елорда әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, сонымен қатар мереке қарсаңында мейрамханалардың, кафелердің, барлардың, асханалардың жұмыс уақыты үлкен кезектер туындауына жол бермеу мақсатында сағат 00.00-ге дейін ұзартылады. Бұл ретте ғимарат ішінде 30 орыннан артық болмауы, санитарлық-эпидемиологиялық, санитарлық-профилактикалық шаралардың сақталуы, үстелдер арасында кемінде 2 метр әлеуметтік арақашықтық сақталуы, әр үстелге 4-6 адамнан артық отырғызылмауы керек. 

Бұл қаулы тұрғын үйлерде орналасқан нысандарға қатысты емес. Олардың жұмыс уақыты - сағат 22:00-ге дейін. 

Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңажылдық ертеңгіліктерді, корпоративтерді өткізуге тыйым салынды. 

Карантин және шектеу шаралары бұзылған жағдайда нысандар қызметі тоқтатылады.