25 қар, 2021 сағат 12:10

Елордада кейбір сынып оқушылары үшін сабақ болмайды


Елорда мектептерінде ауа райына байланысты кейбір сыныптар үшін сабақ болмайды.

"Ауа райының қолайсыздығы салдарынан 25.11.2021 екінші ауысымдағы 0-7 сынып оқушылары қашықтан оқу форматына көшеді", - деп хабарлады қалалық білім басқармасы. 

Елордада бір тәулікте жауын-шашынның айлық нормасы түсті. Қалың қарға байланысты көлік қозғалысы қиындады.

Қалада автобустар қатынасы да кідіріп қалды. Таңертең аялдамада біраз адам жиналды. Аулада тұрған кейбір көлік қардан шыға алмай қалды. Адамдар бір-біріне көмектесіп, көлік итерді. Ал такси қызметінің бағасы шарықтап кетті.

Қазір ауа температурасы минус 8 градус шамасында, қар жауып тұр.

Бұған дейін синоптиктер Нұр-Сұлтанда бұрқасын жүріп, көктайғақ болатынын ескертті.