Елордада ірі сауда, ойын-сауық орталықтары, фитнес-орталықтар, құрылыс материалдарын сататын ірі дүкендер жұмысын бастады. Осыған орай БАҚ өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылау үшін қаладағы ірі нысандарды аралап қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өздеріңіз білесіздер, 15 тамыз күні Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің №47 және 48-інші өте маңызды екі қаулысы шықты. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қалалық бас санитар дәрігерінің №229 қаулысы жарияланды. Аталған қаулыларға сәйкес, сауда, ойын-сауық орталықтары қызметіне қайта кірісіп, аптасына 5 тәулік жұмыс істейтін болады. Сенбі-жексенбі жұмыс істемейді. Фитнес-орталықтар да ашылғанымен қысқартылған жұмыс кестесіне сәйкес таңертеңгі 07.00-ден 17.00-де дейін қызмет көрсетеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі сауда мен қызмет көрсету саласын дамыту бөлімнің басшысы Руслан Ыдырысов ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеу барысын БАҚ өкілдеріне көрсете келе.
Оның атап өтуінше, аталған қаулыларға сәйкес, сауда орталықтары бірнеше талапты орындауы тиіс. Яғни, ең алдымен, әлеуметтік арақашықтық сақталып, адамдар міндетті түрде маска тағуы қажет. Сонымен қатар сауда нысанында әрбір 50 метр сайын санитайзерлер орнатылуы тиіс.
«Қала аумағында ірі 9 сауда, ойын-сауық орталығы бар. Олардың барлығы да жұмыс істеуге дайын болды. Кеше барлығы тексеруден өтті. Бүгіннен бастап шамамен 8,5 мың адам жұмысына кіріседі. Бүгін бизнестің шамамен 60 пайызға жуығы қызметтерін бастады. Кейбірі болмашы ескертулер алып, бүгін не осы аптаның ішінде оны жойғаннан кейін ашылады», - деді ол.
Руслан Ыдырысовтың айтуынша, елордада кинотеатрлар, тойханалар жұмысына тыйым сақталады. Егер коронавирустың таралуы қазіргі деңгейден төмендеп жатса, онда олардың жұмысына рұқсат беру мәселесі қаралады.
Құрылыс материалдарын сататын ірі сауда орталықтарының бірінде де жұмыс басталды. Карантин кезінде елордалықтарға онлайн режимде қызмет көрсеткен дүкенге бүгін ашылған сәттен бастап 2-3 сағаттың ішінде 500-ге жуық адам келген.
«Біз әрбір 15 минут сайын қазақ және орыс тілдерінде сауда залының ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін хабарлап отырамыз. Әрбір 50 метр сайын санитайзерлер орнаттық. Қызметкерлеріміздің барлығын маскамен және қолғаппен толықтай қамтамасыз еттік. Дүкенге келген адамдардың барлығының дене қызуы өлшенеді», - деді елордадағы құрылыс материалдарын сататын гипермаркеттердің бірінің директор орынбасары Оксана Сухорукова.